Жасанды интеллект әскерге шақырылушыларды әскер түрлері мен тектері бойынша бөлуге көмектеседі

Қазақстанда әскерге шақыру комиссияларының жұмысына жасанды интеллект (ЖИ) енгізіле бастады. Жаңа цифрлық шешімдер әскерге шақырылушыларды әскер түрлері мен тектері бойынша қызмет өткеруге неғұрлым оңтайлы бағыттау жөнінде ұсынымдар беруге, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдары жұмысының жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылында Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының (ЖӘБО) қызметіне заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді.
Қоғамдық маңызы мен атқаратын міндеттерінің кең ауқымын ескере отырып, жергілікті әскери басқару органдары Қорғаныс министрлігінің азаматтармен тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін өзіндік «қабылдау бөлмесі» болып табылады.
Ағымдағы жылдың басынан бастап барлық деңгейдегі әскерге шақыру комиссиялары отырыстарының хаттамаларын электрондық форматта жүргізу енгізілді. Цифрлық формат құжаттарға қашықтан қол жеткізуге, қабылданған шешімдерді жедел бақылауға және олардың заңдылығын тексеруге мүмкіндік береді.
Аудандық және облыстық әскерге шақыру комиссияларының цифрлық хаттамаларын қалыптастыру кезінде жасанды интеллект қолданылады. Жүйе әскерге шақырылушының антропометриялық деректері мен білім деңгейі негізінде оны тиісті әскер түрлері мен әскер тектерінде қызмет өткеруге неғұрлым оңтайлы бағыттау жөнінде ұсынымдар қалыптастырады.
Бұл құрал барлық деңгейдегі әскерге шақыру комиссияларына қолжетімді және әскерге шақырылушыларды бөлудің объективтілігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте әскерге шақыру және әскери қызмет өткеру орнына тағайындау туралы түпкілікті шешімді заңнамада белгіленген тәртіппен әскерге шақыру комиссиясы қабылдайды.
Цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі – азаматтарды денсаулық жағдайына байланысты мерзімді әскери қызметке шақырудан босату рәсімін электрондық форматқа көшіру. Рәсімді автоматтандыру қажетті процестерден өту мерзімін қысқартып, шешім қабылдаудың жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды қызмет өткерудің бүкіл кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлеуден босату процесі автоматтандырылды. Бұған дейін тиісті мәліметтер «e-Saqtandyru» цифрлық жүйесіне қолмен енгізілетін.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу еңбек шығындарын азайтуға, әкімшілік рәсімдерді оңайлатуға және жергілікті әскери басқару органдары жұмысының жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Электрондық құралдар сондай-ақ әскерге шақыру процесінің барлық кезеңдерінде жүйелі мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруға жағдай жасап, рәсімдердің ашықтығын арттырады және қабылданатын шешімдердің тиімділігін қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге рәсімдерді автоматтандыру әскерге шақырылушылардың жинақтау пункттеріне жеке келу қажеттілігін жоймайды. Заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметке шақыру туралы шешімді тек медициналық куәландыру нәтижелері негізінде әскерге шақыру комиссиясы қабылдайды. Ал медициналық куәландыруды онлайн форматта өткізу мүмкін емес.



