Құсбегіліктен алғашқы нәтиже: Қазақстан қоржынында күміс пен қола

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық құсбегілер ел қоржынына алғашқы жүлделерді салды. Ителгі салудан өткен тартысты бәсекеде Бақдәулет Бабажан екінші орынға табан тіресе, Ерлан Кенжетаев үздік үштікті түйіндеді
Дүбірлі додада жүлде жолындағы талас алғашқы кезеңнен-ақ қызу өрбіді. Финалдық кезеңде бәсеке тіпті күшейіп, жүлделі орындардың тағдыры шешуші сындарда анықталды.
Ителгі салудан келген алғашқы нәтиже ұлттық құраманың Көшпенділер ойындарындағы бәсекесіне сәтті бастау болды. Алда құсбегілерді қаршыға салудан сайыс пен жарыс бағдарламасын түйіндейтін бүркіт салудан шешуші сын күтіп тұр.
Атап өтсек, биыл құсбегілік бәсекелеріне 10 мемлекеттен спортшылар қатысуда. Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Испания, Словакия, Моңғолия, Өзбекстан, Мажарстан және Чехия өкілдері «Бүркіт салу», «Ителгі салу» және «Қаршыға салу» бағыттары бойынша өзара мықтыны анықтауда. Қазақстан атынан тоғыз спортшы ел намысын қорғап жатыр.
Айта кетейік, құсбегілеріміздің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуына Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ қолдау көрсетуде.



