Астанада 2025 жылы жастарға қандай қолдау көрсетілді?

Астанада жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, студенттерге қолайлы жағдай жасау, волонтерлікті дамыту және өзге де бағыттар қамтылған
2025 жылы атқарылған жұмыс туралы елорданың Коммуникациялар қызметіндегі брифингте қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев баяндады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жастар саясатының маңызды идеологиялық бағыттары ретінде еңбек мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» ұлттық бастамалары белгіленді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша осы бағыттар аясында жастарды қолдауға, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және қоғамдық бастамаларға тартуға бағытталған жүйелі жобалар мен іс-шаралар табысты жүзеге асырылды.
Нәтижесінде жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі, азаматтық жауапкершілігі және қоғамдық өмірге қатысу белсенділігі едәуір артты.
«Қаламызда 481 мыңнан астам жас тұрады. 2025 жылы 4 жаңа жоғары оқу орны ашылды: Cardiff University филиалы, ММХИ филиалы, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет филиалы, Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университет филиалы. Қаладағы 20 жоғары оқу орнында 105 мың студент білім алып жүр.
Оқу жылының басындағы мәлімет бойынша қалада 25 мың орынға арналған 64 студенттік жатақхана жұмыс істеп тұр», – деп хабарлады спикер.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы ресми деректеріне сәйкес, елордада NEET санатындағы жастар саны 28 мың адамды немесе 6,2 пайызды құрайды. Жастарды жұмыспен қамту бойынша жүйелі шаралар жүргізілуде.
Мәселен, «Жасыл ел» жобасы аясында жазғы кезеңде 5 200 жас жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында оқушылар, студенттер және жұмыссыз жастар бар.
«JolTap» жобасы аясында жастар 7 цифрлық және 11 жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда. 2025 жылы бұл жобаға барлығы 7 600 адам қамтылды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында волонтерлердің, студенттердің және қаланың белсенді тұрғындарының қатысуымен ауқымды жұмыстар атқарылды.
«Таза Қазақстан» – бұл тек сенбіліктер ғана емес, сонымен қатар тілдің, ойдың және ниеттің тазалығы. Акция аясында қыс мезгілінде қар күреу жұмысы жүргізілді, коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай тарату акциялары өтті, сондай-ақ ағаш отырғызу іс-шаралары, экскурсиялар, жасанды интеллект қолданылған көрмелер және эко-киіз үй орнату ұйымдастырылды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткі заттарын насихаттайтын жазуларды өшіру бойынша рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар, қоғам назарын осы мәселеге аудару мақсатында танымал блогерлердің қатысуымен спорттық жаттығулар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Maqsut Narikbayev University студенттерін қабылдау салтанаты барысында «Заң мен тәртіп» алып туы салтанатты түрде ашылды», – деп атап өтті Самат Ибраев.
Жастар арасында лудоманияның, интернет-алаяқтықтың және буллингтің алдын алу мақсатында «Жарқын болашақ» жобасы іске асырылды. Жоба аясында түсіндіру жүргізіліп, Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп ауқымды форумдар ұйымдастырылды, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған іс-шаралар, рейдтер, подкастар мен бейнероликтер өткізілді.
«ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Іс-шара форматтары әртүрлі: тренингтер, спорттық турнирлер, шығармашылық байқаулар, подкастар, сот процестерін модельдеу, үш күндік лагерь және өзге де форматтар.
Сонымен қатар, интернет кеңістігінде есірткі заттарын сату және жастарды есірткі бизнесіне тарту фактілерін анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіледі.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – волонтерлік қызмет. Елордада волонтерлік фронт-офис жұмыс істейді. Волонтерлік ұйымдардың жалпы саны – 50, оның ішінде 30 белсенді волонтерлік ұйым және 20 бастамашыл топ бар. Белсенді волонтерлер саны – 6 000 адам. Қала бойынша волонтерлік қызметке 75 мыңнан астам адам тартылды.
«Астана жастары» волонтерлері халықаралық және республикалық деңгейдегі 130 іс-шараға қатысты.
«Сондай-ақ әскери-патриоттық бағытта жұмыс жүргіземіз. «Жас сарбаз» жобасы аясында ардагерлер мен батырлардың қатысуымен ерлік сабақтары, фильм көрсетілімдері, патриоттық әндер байқаулары және өзге де іс-шаралар өткізілді. Қазіргі таңда елорданың 63 мектебі мен 14 колледжінде «Жас сарбаз» сыныптары мен клубтары жұмыс істейді, тәрбиеленушілер саны 3 мыңнан асады», – деді басқарма басшысы.
Жүзеге асырылған іс-шаралар мен жобалар жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға, саналы таңдау қалыптастыруға және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға ықпал етті.



