Транзиттік жүктердің көлемі 29,4 млн тоннаға жетті – Көлік министрлігі

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік-транзит саласын дамыту және цифрландыру туралы мәселе қаралды. Онда ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында республика бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі.
Ол бүгінгі таңда көлік саласы экономиканың өсу драйверлерінің біріне айналғанын атап өтті. Осы жылдың 10 айында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Көлік қызметтерінің көлемі 20,7%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,4%-ға артты. Ал транзиттік жүктердің көлемі 29,4 млн тоннаға жетті, оның өсу деңгейі 5%-ды құрайды.
«Биыл автомобиль жолдары бойынша 13 мың шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Республикалық жолдардың 93%-ы нормативтік-техникалық жағдайға сай. Ішкі шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пунктін аяқтау жоспарланып отыр. Автожолдардың тиімділігін арттырудың негізгі факторы – цифрлық шешімдер. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша e-Joldar шеңберінде жолдардың цифрлық төлқұжаттары қалыптастырылады. Бұл болашақта пилотсыз автокөліктерді енгізуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Министр жыл сайын жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жол диагностикасы жүргізілетінін айтты. Жол төсемін сақтау үшін 220-ға дейін автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату жұмыстары жалғасуда. Бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында Республикалық маңызы бар жолдарда ақылы учаскелер кезең-кезеңімен енгізіледі. Бүгінде ақылы жолдарда енгізілген KazToll жүйесі арқылы 79 млрд теңге жиналды.
Сондай-ақ ол автокөлік саласында жүк тасымалдау көлемі 288 млн тоннаны құрап, алдыңғы есепті кезеңмен салыстырғанда 1,7%-ға артқанын хабарлады. Автоматтандырылған өлшеу стансалары заңбұзушылықтарды анықтау көрсеткіші мен бюджетке түсетін кіріс деңгейін 10 есеге арттырды.
«Бас прокуратурамен жүргізілген интеграция нәтижесінде осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша айыппұл төлеу қажеттігі туралы 10 мыңнан астам нұсқама ресімделді. Жүктерді автокөлікпен тасымалдау 42 елмен жүзеге асырылады. Былтыр Қытай және Өзбекстанмен шетелдік рұқсат бланкілері қағаз түрінен электрондық форматқа ауыстырылды», — деді министр.
Сондай-ақ биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша әуе көлігімен 13,1 млн жолаушы тасымалданған. Нұрлан Сауранбаев бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 6,5%-ға артық екенін атап өтті. Жүктерді әуе көлігімен тасымалдау кезіндегі негізгі цифрлық құрал – e-Freight жүйесі. Бүгінгі таңда аталған жүйені елдің барлық әуежайлары мен авиакомпаниялары пайдаланып отыр. Бұл IATA халықаралық стандартына сәйкес келеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар импорттық және экспорттық кедендік декларация, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау бойынша интеграциялық жұмыстарды пысықтауда. Бұл бизнес-процестерді толық автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі өсіп келе жатқанын атап өтті. Осы жылдың 10 айында жүктерді тасымалдау көлемі 380,3 млн тоннаны құраған, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғандаі 7,9%-ға артық.
«Digital Trade Coridor сияқты саланы цифрландыру бастамалары транзиттік жүк ағынын арттыруға бағытталған. Электрондық декларациялау және бірыңғай терезе арқылы қызмет көрсету кедергілерді жоюға және халықаралық тасымалдаушылардың сенімін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта теміржол саласында 250-ден астам ақпараттық жүйе бар. Саладағы маңызды аспект – цифрлық трансформацияны жүргізу және халықаралық тәжірибені ескере отырып, осы мақсаттағы IT-архитектураны қалыптастыру», – деді ол.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың қазан айында Smart Cargo платформасы іске қосылғанын. Платформа мемлекеттік органдардың сервистерін біріктіреді. Бүгінде мемлекеттік органдардың 30 сервисімен интеграция аяқталды. Платформаны дамыту шеңберінде мемлекеттік және жеке секторлардың тағы да 47 қосымша сервисін интеграциялау жоспарлануда. Соның арқасында бүгінде жүктердің орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік бар. Оған қоса ЖИ-көмекшілер пайда болды. Сондай-ақ қосымша мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі қарастырылған. Шекарадан өту үшін транзиттік декларацияны автоматты түрде шығару қолжетімді болатын «жасыл дәлізді» енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда.
«Салаларды цифрлық трансформациялау нәтижесі автожолдардың өткізу қабілетін 20%-ға арттырмақ. Автокөлікпен өткізу пункттерінің өткізу мерзімі шамамен 10 минутты құрайды. Жасанды интеллект технологиясын енгізу пойыздарды құру және жоспарлау уақытын 6 есе азайтып, әуежайларда жүктерді өңдеуді 1 сағатқа дейін қысқартады. Белгіленген бағыттар бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау көлеміне оң әсерін береді», — деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

