Елорда іргесіндегі құсбегілер сайысы аяқталды

Астана қаласына іргелес Софиев ауылында өткен Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық құсбегілік турнирі мәресіне жетті. Төрт күнге жалғасқан сайыс қыран құстардың қырағылығын ғана емес, ұлттық дәстүрді дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды
Бұл турнирге Қазақстанның 9 облысы мен 2 қаласынан, сондай-ақ Түркия, Моңғолия, Ресей және Қырғызстаннан келген үздік құсбегілер жиналды. Мандаттық комиссияның шешімі бойынша барлығы 47 бүркіт, 10 қаршыға және 9 ителгі сынға түсті. Олар бірнеше бағдарлама бойынша — бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу, қаршыға мен ителгіні қолға шақырып, кептерге салу секілді жарыстарда өз шеберліктерін паш етті.
Турнирдің алғашқы күндері іріктеу кезеңдері өтсе, шешуші күндері жартылай финал мен ақтық бәсекелер ұйымдастырылды. Әр сайыста қыран құстардың дайындығы, иелерінің шеберлігі мен дәстүрге адалдығы сарапқа салынды.
Жарыс қорытындысы бойынша:
Бүркіт салудан:
1 орын – Қазыбек Нұрғазы (Қарағанды облысы)
2 орын – Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы)
3 орын – Тастанбек Бергенбай (Ақмола облысы)
3 орын – Кунтуган Диас (Астана қаласы)
Қаршыға салудан:
1 орын – Баетбай Сағыныш (Алматы облысы)
2 орын – Жалғасұлы Серікболсын (Жамбыл облысы)
3 орын – Даниярқызы Аяжан (Алматы қаласы)
3 орын – Серікбекұлы Ерасыл (Астана қаласы)
Ителгі салудан:
1 орын – Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы)
2 орын – Оспанқұлов Таңат (Қарағанды облысы)
3 орын – Есентаев Сұлтансері (Алматы қаласы)
3 орын – Иманзайып Ермек (Павлодар облысы)
Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтар табысталды. Жүлде қоры бас демеуші — «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» (Sport Qory) корпоративтік қорының қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Турнирдің салтанатты жабылу рәсімінде қатысушыларға алғыс айтылып, қазақ халқының қастерлі дәстүрін дәріптеуге қосқан үлесі ерекше атап өтілді. Ұлттық өнердің айбынын асырып, жас ұрпаққа үлгі боларлық мұндай жарыстар ел руханиятын байыта түсетіні айтылды.
Айта кетейік, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі — «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ және Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті.