Жыл соңына дейін 30 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырады

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, орта, арнайы білім беру педагогтеріне олардың бейіндік қызметтеріне қарай пәндік және цифрлық құзыреттерді дамыту, сондай-ақ инклюзиялық білім беру бойынша курстарды тұрақты түрде өткізуде
Былтырғы жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында 80 мыңнан астам педагог тегін курстардан өтті. Оның ішінде 57,8 пайызы – ауыл мектептерінің мұғалімдері. Ал осы жылдың басынан бері мұндай курстарға 39 мыңнан астам педагог қатысты, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
«2025 жылдың қыркүйегі мен желтоқсан айының аралығында Қазақстанда тағы 30 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бағдарламалар бастауыш сыныптан бастап, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдерін қамтиды. Сондай-ақ тыңдаушылардың бір бөлігі инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен цифрлық құзыреттілікке қатысты курстар алады», – делінген хабарламада.
Олардың ішінде 80 сағаттық 43 курс офлайн форматта өтсе, 2 курс онлайн форматта ұйымдастырылған. Әсіресе «Инклюзивті білім беруді іске асыратын педагогтердің базалық құзыреттерін қалыптастыру», «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» және Келешек мектептерінің педагогтеріне арналған курстарға басымдық берілуде.