Абай облысында отырғызылған ағаштар мен жерсіну деңгейіне мониторинг жүргізілді

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы хаттамалық тапсырмалардың орындалуы, автомобиль жолдары мен жылыту бекеттерінің қысқа дайындығы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы және сенбілік қорытындылары туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Эльдар Бақпаев баяндады.
Аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімі аппараты мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандары облыста отырғызылған ағаш саны мен жерсіну деңгейіне мониторинг жүргізді. 2025 жылы өңірде 65 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Ағаш егудің жоспарын орындауда Көкпекті, Үржар және Жаңасемей аудандары жоғары көрсеткіш көрсетті. Жиында төмен нәтиже көрсеткен аудандарға жұмысты ширату міндеті қойылды.
Облыста 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілген. Бұл құжат өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындар арасында табиғатқа жауапкершілікті арттыруға бағытталған 44 іс-шарадан тұрады.
6 қыркүйек күні облыстың барлық елді мекендерінде сенбілік өтті. Оған 14,6 мыңнан астам тұрғын қатысып, 591 ұйым мен 256 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 6019 аула тазартылды, 151 саябақ пен сквер ретке келтірілді. 57 су айдыны мен 1074 метр арық тазартылды және 1 мың тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарға шығарылды.
Облыс әкімі жиында аудан, қала әкімдеріне тазалық жұмыстарын жалғастыруды, ағаш егу жоспарын сапалы орындауды, қоқыс жәшіктерінің санын көбейтуді тапсырды.
«Ағашты егу бір басқа, ары қарай өсіп-өнуі үшін күтім жасау, қарау бір басқа. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан аппарат аудан, қала көшелеріндегі санитарлық тазалықтың жағдайына мониторинг жасауды жалғастыру керек» деді аймақ басшысы.