Елордалық студенттер әлемдік чемпионатта үздік нәтиже көрсетті

Данияның Хернинг қаласында өткен IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионаты – EuroSkills Herning-2025 Қазақстан үшін тарихи жетістікпен аяқталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты
Ұлттық құрама алғаш рет бірден 7 «Үздік медальонға» қол жеткізіп, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғады. Бұл жеңістің ішінде елордалық студенттердің үлесі айрықша екені атап өтілді. Байрақты бәсекеге 32 мемлекеттен 25 жасқа дейінгі 600 жас маман қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.
Қазақстандық колледж студенттері 25 құзырет бойынша бақ сынады. Олардың ішінде Астана қаласының білім алушылары жоғары нәтижелерімен көзге түсті:
• Веб-технологиялар құзыреті бойынша ASTANA POLYTECHNIC жоғары колледжінің студенті Мұхаметжан Ағыбай үздіктер қатарынан көрініп қана қоймай, Қазақстанның Best of Nation – «Үздік өкілі» атанды.
• Мехатроника құзыреті бойынша Жоғары политехникалық колледждің студенті Данил Турапин команда құрамында өнер көрсетіп, жоғары жетістікке қол жеткізді.
• Желілік және жүйелік әкімшілендіру бағыты бойынша елордалық Жоғары политехникалық колледждің түлегі Данил Лапенко үздіктер қатарынан табылды. Бұл жеңістер елордалық колледждердің кәсіби білім берудегі сапасы мен даярлық деңгейінің халықаралық стандарттарға сай екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.