Абай облысының әкімі БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілімен кездесті

Абай облысының әкімі Берік Уәли Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті. Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі
Мәртебелі қонақ өз сөзінде Абай облысына осымен үшінші мәрте келіп отырғанын, өңірде арнайы өкілдері жұмыс істейтінін атап өтті. Өзара тәжірибе алмасып, аймақты дамыту бағытында бірлесе әрекет етуге пейілді екендерін жеткізді. Катаржина Вавьернианың айтуынша, олар тұрғындардың тілегі бойынша облысымыздың төрт ауданында балалар ойын алаңдарын салу, мұз айдынын ашу және қоқыс тастауға арналған құрылғылар орнату сияқты шағын жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
«Абай облысымен серіктестігіміз жылдан жылға нығайып келеді. Қазір біз жаңадан құрылған өңірлерге арналған даму бағдарламаларын әзірлеп жатырмыз. Бұл тек ірі қалаларға емес, ауылдық аумақтарға да бағытталған. Бүгін Жаңасемей ауданына барамыз. Біздің тәжірибеміз сіздер үшін де пайдалы болады деп ойлаймыз» деді БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі.
Аймақ басшысы БҰҰ Даму бағдарламасымен әріптестікті жоғары бағалайтынын айтып, мәртебелі қонаққа өңірге арнайы келгені үшін алғысын жеткізді.
«Сіздің халықаралық деңгейдегі мол тәжірибеңіз бен көшбасшылығыңыз, сондай-ақ әлемнің түрлі елдерінде атқарған жемісті қызметіңіз біздің өңір үшін құнды. Жаңадан құрылған облысымызға қолдау көрсетуге зор ықылас танытып отырғаныңыз қуантады. Өзіңіз жақсы білесіз, біздің Семей өңірі 40 жыл бойы ядролық сынақтардың зардабын тартты. Сіздермен осы және өзге де бағыттарда жұмыс істеуге, жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз» деді облыс әкімі.