Абай облысы: Берік Уәли «Силикат» ЖШС кәсіпорнында болды

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында Семейдегі «Силикат» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты
Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Силикат» ЖШС – өңірдегі құрылыс материалдарын өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. Жыл сайын 74 млн дана силикат кірпіші, 90 мың тонна құрылыс әгі және 250 мың тонна құрылыс құмы өндіріледі. Сондай-ақ, силикат-бетон тақталарын, еденге арналған алты қырлы бетон плиталарын және құрғақ сылақ қоспаларын шығарады. Мұнда 422 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты 100 миллионға дейін жетеді. Оның өнімі Абай облысынан бөлек көршілес аймақтар мен ірі құрылыс компанияларына тасымалданады.
Аймақ басшысы зауыттың өндірістік үдерісін, жаңа технологиялық желілерін көріп, жұмысшылармен пікірлесті. Зауыт басшылығы кәсіпорынды кеңейту, экспорттық бағытты дамыту және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарымен бөлісті.
«Силикат» ЖШС бас директоры Жұмабек Ибраевтың айтуынша, силикат кірпіші бәсекеге қабілетті, сапасы жағынан әлдеқайда жоғары. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше қалаларында тұрғын үйлер силикат кірпіштерімен салынып жатыр.
«Зауыттың өнімдеріне еліміздің өзге өңірлерінде де сұраныс жоғары. Алдағы уақытта облыста үлкен құрылыс нысандары салынады. Жергілікті құрылыс компаниялары осы жергілікті кәсіпорынның өнімдерін алуы қажет. Сонда кәсіпорында өндіріс көлемі артады, қосымша жұмыс орындары да ашылады» – деді облыс әкімі.