Tech

Енді Sergek жүйесі дрондарға орнатылды

Ішкі істер министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және отандық ІТ әзірлеушілер Астана қаласында жаңа технологияларды сынақтан өткізуде. Енді Sergek жүйесі дрондарға орнатылды. Бұл құрылғылар полицейлерге іздеу жарияланған көліктерді анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды Sergek Group компаниясының баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Sergek жүйесімен интеграцияланған дрондарды қолдану нақты уақыт режимінде жол ережесін бұзғандарды, алимент төлемегендер мен борышкерлерді анықтауға, ақпаратты полиция планшеттеріне жылдам жеткізуге және сол арқылы құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға жол ашады.

«Біздің басты мақсат — жолдағы қауіпсіздік. Интеллектуалды бейнебақылау жүйесімен жабдықталған дрондар нақты уақытта бұзушылықтарды тіркеп, бағдар берілген көліктерді табуға және мәліметтерді жедел түрде жердегі патруль қызметіне жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тек жедел әрекет етуді ғана емес, жол апаттарын азайтып, жолдағы тәртіпті күшейтуге де ықпал ететін шешім», – деді ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сергей Варго.

«Бүгінде дрондар елдің цифрлық инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Олар азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етіп жатыр. Дрондар табиғи құбылыстарды бақылауда және қоғамдық тәртіпті қадағалауда бұрыннан қолданылады. Осыған байланысты “Қазтелеком” дрондарды бейнебақылау жүйелеріне, соның ішінде қалалық орта мониторингі мен орман алқаптарындағы өрттің алдын алу бағытындағы жобаларға енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл технологияны қолдану ауқымы алдағы уақытта тек кеңейе бермек», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Сынақ аясында Sergek Group әзірлеушілері ІІМ және «Қазтелеком» АҚ өкілдерімен бірлесе отырып, дрондарды әртүрлі бағыттарда сынайды, патрульдеу форматынан бастап нақты бағытталған іздестіруге дейін. Егер нәтижелер оң болса, бұл жоба басқа өңірлерге де кеңейтілуі мүмкін.

«Біз әрдайым жаңа технологиялық эксперименттерге ашықпыз. Sergek жүйесімен жабдықталған дрондарды қолдану болашаққа қадам ғана емес, Қазақстанның IT саласы әлемдік деңгейдегі шешімдерді әзірлеп, іске асыра алатынының айқын мысалы», – деді Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Ким.

Сондай-ақ, ол Sergek жүйесімен жабдықталған дрондарды қолдану цифрлық қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеретін қадам екенін атап өтті. Бұл технология полицияның әрекет ету жылдамдығын арттырып қана қоймай, қабылданатын шешімдердің нақтылығын да күшейтеді.

Айта кетейік, Sergek – Қазақстанда әзірленіп, іске қосылған қауіпсіздік жүйелерінің бірі. Ол бірнеше жылдан бері еліміздің әр аймағында табысты қолданылып келеді. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттырумен қатар, қалалық инфрақұрылымды цифрландыру ісінде де өзін сенімді құрал ретінде көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button