Семейде отбасын қолдау орталығы ашылды

Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада болды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана – республика бойынша теңдесі жоқ инклюзивті жобалардың бірі. Екі қабатты кітапхананың жалпы аумағы – 800 шаршы метр. Нысан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржылай қолдауымен бой көтерген.
Кітапхананың ішкі құрылымы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бейімделген. Онда компьютер мен смартфон пайдалануға үйрететін тифлотехнология кабинеті, брайль жүйесі бойынша оқу-жазуға баулитын кабинет, дыбысталған әдебиеттер қоры, брайль қарпімен жазылған 40 мыңнан астам кітап, coworking және оқу залдары, библиографиялық ақпараттар бөлімі мен әдебиеттерді өңдеу және толықтыру бөлімі бар.
Қазіргі таңда қала әкімдігі ғимараттың ауласына абаттандыру, көғалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Облыс әкімі ғимараттың кітапханасын, оқу залдарын көріп, қызметкерлермен пікірлесіп, алдағы уақытта да әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін айтты.
Аймақ басшысы қаланы аралау барысында жақында ашылған отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысты.
Бұл орталық қазіргі таңда қаладағы қиын жағдайға тап болған азаматтарға кешенді қолдау көрсететін негізгі мекемелердің біріне айналып отыр. Мұнда күн сайын 50-ге жуық азамат қабылдауға келеді. Орталықта психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер, жұмыспен қамту орталығы, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары, сондай-ақ «Отбасы банк» өкілдері бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.
Бес жүз шаршы метр аумақта орналасқан орталықта азаматтарды қабылдау залы, тренингтер мен семинарлар өткізуге арналған бөлме, бала күтімі мен ойын бөлмесі, психолог кабинеті және ана мен балаға арналған арнайы бөлмелер бар.
«Осындай орталықтар өте қажет. Адамдар әртүрлі қиындықтарға тап болған кезде ақыл-кеңес берудің, психологиялық қолдау көрсетудің маңызы зор», – деді облыс әкімі.