Ұлттық кітап күні: Астанада үздік оқырмандар мен авторлар марапатталды

Қазақстанда 23 сәуірде алғаш рет Ұлттық кітап күні тойланады. Атаулы датаға орай елордалық Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда кітап оқу мәдениетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген тұлғаларды салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
«Кітап – ұлттың баға жетпес байлығы, рухани қазынасы» ұранымен өткен іс-шараны елорданың Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырды.
Салтанатты жиынға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, журналистер, мәдениет қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.
Жиналғандар алдында Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов құттықтау сөз сөйледі.
«Ұлттық кітап күні – кітап оқудың маңыздылығын және қоғамның рухани дамуындағы кітаптың рөлін еске салудың тамаша мүмкіндігі. Технология дамып келеді, бірақ кітап білім мен ғылымның маңызды көзі болып қала береді. Кітап оқу мәдениетін қолдайтындардың барлығына – кітапханашыларға, оқырмандарға және авторларға алғыс айтамын», – деді ол.
Салтанатты шарада кітап оқу мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғалар мен қала тұрғындарына бірқатар номинация бойынша марапаттар табыс етілді.
Осылайша, №5 балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары – Құсайыновтар отбасы үздік кітап оқитын отбасы болып танылды. 2021 жылдан бастап олар кітапханаға отбасымен тұрақты келіп, белсенді қатысушыларына айналды.
«Үздік оқырман» номинациясында №2 кітапхананың тұрақты оқырманы Әсия Ағыбаева жеңімпаз атанды. 2019 жылдан бері ол 140-тан астам кітап оқып, кітапхана ісіне белсене араласып келеді.
«Балаларға арналған үздік шығарма» номинациясында Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» әңгімесі жеңімпаз атанды. Бұл кітап қазақ әдебиетінің нағыз бестселлеріне айналып, қалың оқырманның жүрегінен орын тапты.
Үздік жас жазушы аталымы балалар мен жасөспірімдер аудиториясының ең танымал туындыларының біріне айналған «Тау құсы» кітабының авторы Елдос Тоқтарбай атанды.
Жыл кітабы болып Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» туындысы танылды. Автор жастардың бойында маңызды моральдық нұсқауларды қалыптастыра отырып, өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғайды.
Үздік инклюзивті ақын ретінде көзі нашар көретін жандарға арналған мамандандырылған кітапхананың белсенді оқырманы Алмасбай Ерниязов танылды. Оның «Жұлдыздар» және «Көк теңіз» атты жыр жинақтары ерекше қажеттіліктері бар оқырмандар арасында кеңінен танымал.
Үздік студенттік оқырман – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Мадина Ғиззатова болды. Ол – М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың белсенді оқырманы. Бір жылда 34 кітап оқып, кітапханалық байқауларға белсене қатысты.
Үздік мектеп оқырманы болып айына 9 кітап оқитын №109 мектептің 9-сынып оқушысы Ерке Омархан танылды.
«Кітапхананың достары» номинациясы кітапхана ісін дамытуға және мәдени-ағартушылық бастамаларды қолдауға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталғандар:
Бауыржан Қасымбергебаев – қалалық мәслихаттың депутаты;
Төлен Тілеубай – журналист-публицист;
Оксана Еремина – дизайнер, оқытушы;
Сания Омарова – волонтер;
«Фолиант» баспасы – кітап шығару саласындағы белсенді жұмысы үшін.
Поэзия байқауының жеңімпаздары:
Гран-при – Маржан Жаңабек (№78 орта мектебі);
1 орын – Қарақат Тоқтар (№48 мектеп-лицей), Толыбай Кәусар (Сәтбаев атындағы Binom мектебі);
2 орын – Айару Мақсатова, Оразғали Балым;
3 орын – Кәусар Есенқұл, Гүлім Бақыт, Айару Рахымбек, Тоқсанби Мұхамедияр.
Көркем оқуда өнер көрсеткені үшін ынталандыру сыйлықтарын қаладағы әр мектептен 5 қатысушы алды.
Проза байқауының жеңімпаздары:
1-орын – Амира Дұғалиева (№101 ОМ);
2-орын – Асқар Бақытбек (№78 ОМ);
3-орын – Саянұр Закирова (№40 мектеп-лицейі);
Шығармашылық таланты үшін Лаззат Әбдіқал (Ғ.Орманов атындағы гимназия) марапатталды.