Politics

Елімізде биыл қанша су қоймасы қолданысқа беріледі?

Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылдың соңына дейін жалпы көлемі 180 млн текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік беретін жаңа су қоймаларын пайдалануға беруді жоспарлап отыр

Министрліктің баспасөз қызметі атап өткендей, жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағыларды қайта жаңарту көктемгі тасқындарға қарсы тиімді күрес жүргізуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында қолдану үшін қар суын молырақ жинауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймалары салынып, ал Жетісу облысында «Қызыл ағаш» су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Ақмола облысында Жабай өзенінде су жинау қоймасы салынып жатыр, ал Чаглинка өзенінің арнасын тереңдету жобасы аясында үш шағын су қоймасының құрылысы жоспарланған. Жамбыл облысында «Андас» деп аталатын үш тоғанның құрылысы аяқталуға жақын.

Сонымен қатар Жамбыл облысындағы Ынталы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров және Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймаларын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр» – делінген хабарламада.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасы жаңғыртылады. Бұл ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге, су тасқыны қаупін төмендетуге және трансшекаралық суға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Солтүстік өңірлерде жаңа су қоймалары 1,5 млрд текше метрге дейін тасқын суды жинап, 216 елді мекенді су басудан қорғайды. Ал оңтүстікте суармалы жерлердің көлемін 295 мың гектарға ұлғайтуға жол ашады.

«Бүгінде 6 су қоймасын салу және 15 су қоймасын қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар министрлік инвесторларды тарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Қазірдің өзінде Ислам даму банкімен келісім бар. Соның аясында биыл 4 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасы қайта жаңартылмақ. Ислам даму банкімен ынтымақтастықтың екінші кезеңінде тағы 11 су қоймасын салу және 13-ін жаңғырту көзделген», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button