Social

Тұрғындардың еңбегі зая кетпеуі керек – Абай облысының әкімі қоқыс мәселесін шешуді тапсырды

Абай облысы әкімдігінде аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен «Таза Қазақстан» бағдарламасының аймақта жүзеге асырылуы бойынша жиын өтті. Отырысқа басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері және қала-аудан әкімдері бейне режимде қатысты, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов пен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ақмырзаның есебі талқыланды.

Қала әкімінің айтуынша, 5 сәуірде облыс орталығында өткен жалпықалалық сенбілікке 12 мыңнан астам адам қатысқан. Ал облыс бойынша тазалық акциясына 21 мыңға тарта тұрғын қатысып, 749 ұйым мен 338 техника жұмылдырылған.

Алайда атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітпейді. Облыс әкімі жиында Семей қаласындағы тазалық жұмыстарының лайықты деңгейде жүргізілмегенін, сенбілікте жиналған қоқыстардың дер кезінде шығарылмай жатқанын сынға алды.

«Менің бір апта бұрын жариялаған бейнеүндеуімді халық жақсы қабылдады. Бастамаға қолдау білдіріп, сенбілікке шықты. Алайда Семей қаласындағы сенбілікте жиналған қоқыс толық шығарылмай жатыр. Халық әлеуметтік желіде наразылықтарын білдіруде. Тұрғындардың еңбегі зая кетпеуі керек. Қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы жағдай жасау, шаһарды таза ұстау – біздің міндетіміз» – деді аймақ басшысы.

Жиында Семейдегі қоғамдық көлік қызметінің сапасына қатысты да сын айтылды. Автобустардың жүру кестесі мен уақытын, сондай-ақ көліктердің маршрутқа шығуын қадағалау жұмыстарының әлсіздігі атап өтілді.

«Автобустардың техникалық және санитарлық жағдайы сын көтермейді. Қоғамдық көліктер күн сайын жуылып, салоны тазартылып тұруы керек. Көлік басқармасы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Семей қаласының әкіміне тазалыққа жауапты мердігер компанияның жұмыс сапасына бақылауды күшейтуді, жергілікті полиция басқармасымен бірлесіп заңсыз қоқыс орындары бойынша айыппұл салу жұмыстарын жүргізуді, сенбіліктен кейін жиналған қоқыстарды бір тәулік ішінде шығаруды, көшелерді күнделікті жуып отыруды тапсырды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өз аумақтарында санитарлық тәртіпті сақтауын қамтамасыз ету, қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларын тәртіпке келтіру, көгалдандыру жұмыстарын алдын ала жоспарлап, нақтылау қажет екені атап өтілді.

«Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында арнайы тапсырма-жоспар әзірленді. Облыс орталығын бірнеше секторларға бөліп, онда атқарылатын тазалық жұмыстарына жауапты ретінде өз орынбасарларымды, аппаратты және басқармаларды бекіттім. «Таза Қазақстан» бір реттік емес, жыл бойы жалғасатын үлкен бағдарлама. Президент Әкімшілігі тікелей бақылауда ұстап отыр. Тазалық акциясы Семейде ғана емес, барлық қала-аудандарда жүргізіледі. Облыс әкімінің инспекторларына мұны қатаң қадағалауды тапсырамын. Тазалық шаралары бойынша енді апта сайын жиналыс өткізіп, аудандардың, тиісті органдардың есебін тыңдайтын боламыз» деді облыс әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button