Social

75 млн теңге жымқыруға оқталған «Алматы Су» кәсіпорнының лауазымды өкілі 5 жылға сотталды

«Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Бұған дейін, ағымдағы жылдың 9 қаңтарында Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры М. Жолдыбаевтың үкімін жариялады.

«Ол орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 млн теңге жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.

Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды» – делінген хабарламада.

Қадағалаушы прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді.

Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Сот залында сотталған адам қамауға алынды.

Үкім заңды күшіне енді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button