
ҚР Үкіметінің отырысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған жаңартылған стратегияны таныстырды. Басты мақсат — Қазақстанның жалпы ішкі өнімін 7%-ға дейін ұлғайту.
2025 жылы ел экономикасының негізгі салаларындағы маңызды жобаларды іске асыруға 8 трлн теңге бөлу жоспарланған. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 трлн теңгеге дейін артады деп күтілуде.
Кәсіпкерлік белсенділікті арттырудың басты құралдарының бірі — нақты сектордағы қарыз алушылар үшін 12,6% деңгейінде бекітілген сыйақы мөлшерлемесін енгізу болмақ. Бұл шара несие ресурстарына қолжетімділікті жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, субсидиялау тәжірибесінен біртіндеп бас тартуға жол ашады.
Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында құны 7 млрд теңгеден асатын жобалар үшін қарыз сомасының 30%-на дейін кепілдік беретін арнайы қор құрылатын болады. Бұл жаңа құрал екінші деңгейлі банктерді қосымша қаржыландыруға тартуға мүмкіндік беріп, кепілдікпен қамтамасыз етуге байланысты кедергілерді жоюға бағытталған.
Шағын және орта бизнеске де осындай қолдау көрсетілмек. «Даму» қоры арқылы жүзеге асатын механизм 2027 жылға қарай кепілдіктер портфелін 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтып, қолдау көрсетілетін жобалар санын бес есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Басты басымдық – инфляция импортын төмендетуге бағытталған жобалар. Көлік және логистика, металлургия, химия өнеркәсібі мен энергетика сияқты стратегиялық маңызды салаларға ерекше назар аударылады. Бүгінде «Бәйтерек» холдингінің перспективалы жобаларының жалпы көлемі 25 трлн теңгеден асты. Оның ішінде 40%-ы қаржыландыруды қажет етеді.
Ауыл шаруашылығы саласында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қолдау шаралары жалғасын табады. Биыл бұл мақсатқа 700 млрд теңге бөлінсе, оның 202 млрд теңгесі қазірдің өзінде игерілді. Қаражаттың едәуір бөлігі өткен жылдың соңында аударылған болатын. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында жылдық 5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен лизинг беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл машина-трактор паркін жаңарту қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарларға баса назар аударыла отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру, суару жүйелерін енгізу, жабық топырақта көкөністер өсіру, өндірістік-өткізу инфрақұрылымын дамыту, жем-шөп өндірісін қолдау бойынша жобалар қаржыландырылатын болады.
Экспортты қолдау мақсатында «Бәйтерек» холдингі көлемі 200-500 млн АҚШ долларын құрайтын сауда қорын іске қосады. Бұл қор отандық өндірушілерге жаңа нарықтарға шығуға, жеткізу тізбегін қалыптастыруға және тасымалдау жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Бәйтерек» табиғи монополиялар субъектілерінің жобаларын бес жыл ішінде 4,7 трлн теңгеге қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте, 2025 жылы қолдау көлемі 283 млрд теңгені құрайды.
Холдинг ұсынған кешенді шаралар ел экономикасының өсуін жеделдетіп қана қоймай, тұрақты дамудың берік іргетасын қалыптастыруға септігін тигізеді.