Абай облысының әкімі су тасқынына дайындықты күшейтуді тапсырды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиналыс өтті. Қала және аудан әкімдері бейне режимде қатысқан отырыста су тасқынына дайындық барысы, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, бюджет қаражатын тиімді игеру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен өңірдегі тасқын қаупі бар 9 аудандағы ахуалды бақылап қайтқан облыс әкімінің кеңесшісі, басқарма басшысы және «АMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы аймақ басшысына есеп берді.
Жарма, Ақсуат, Көкпекті аудандарындағы қазіргі ахуал туралы баяндаған облыс әкімінің кеңесшісі тасқынның алғашқы легі өткенше Жарма ауданындағы Шар су қоймасына суды жинамау, Шар қаласының сыртындағы бөгетті ұзарту жөнінде ұсыныс айтты. Көкпекті ауданының Тассай ауылы және өзге де елді мекендердің тұрғындары су тасқыны жағдайында үздіксіз қатынауы үшін Қарағандыкөл айналма жолын кеңейту, Көкжайық ауылындағы су бөгетін ұзарту қажеттігін жеткізді.
Бородулиха, Бесқарағай, Абай, Жарма, Ақсуат, Көкпекті, Үржар, Мақаншы, Аягөз аудандарындағы тасқынға дайындық барысымен танысқан аймақ басшысы ескертулерді назарға алып, жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Көп жылдар әкім болған, өңірдің жағдайын жетік білетін, тәжірибелі басшыларды тасқын қаупі бар, былтыр су басқан аудандарға арнайы жібердім. Ескертулері орынды. Аудан әкімдері тасқынның алдын алу, су арналары мен құбырларды қардан тазарту жұмысын қатаң бақылауға алып, тез арада аяқтаңыздар. Еріген қар суы мен даладан келетін су да назардан тыс қалмасын. Семей, Курчатов қалалары мен Абай, Аягөз аудандарының тыныс-тіршілігімен танысып, су тасқынына дайындық барысын қадағаладым. Алдағы уақытта басқа аудандарға баруды жоспарлап отырмын» – деді облыс әкімі.