Social

СҚО-да құсбегіліктен ересектер арасындағы чемпионат аяқталды

Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылында өткен құсбегіліктен ересектер арасындағы XVIII Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған құсбегілер нағыз шеберліктің үлгісін көрсетті.

Атап өтсек, аталған жарыс соңғы рет Солтүстік өңірде осыдан 5 жыл бұрын ұйымдастырылған болатын.

Астана мен Алматы қалаларынан бөлек, 12 облыстан (Алматы, Атырау, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) іріктелген үздік спортшылар чемпионаттың бәсекесін қыздыра түсті. 20 ақпанда өткен мандаттық комиссия отырысында қатысушылардың құжаттары тексеріліп, сайысқа түсетін қырандар ресми тіркеуден өтті. Жалпы, жарысқа 62 бүркіт, 29 қаршыға және 17 ителгі қатысты.

Жарыстың алғашқы күні бүркіт құстарының бәсекесімен басталды. Құсбегілер бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу кезеңдерінде өз шеберліктерін ортаға салып, құстарын қырағылық пен қатаң тәртіпке баулығандарын көрсетті. Нәтижесінде екі кезеңнің қорытындысы бойынша үздік шыққан 18 құсбегі ақтық мәреге жолдама алды.

Сайыстың екінші күні қаршыға мен ителгілердің сынға түсуімен жалғасты. Бұл жарыстарда да құстардың алғырлығы, ұшуға деген дайындығы, аңды алу қабілеті және құсбегінің баптау шеберлігі сарапқа салынды.

Жарыс жеңімпаздары

Жарыс қорытындысы бойынша бүркіт құсы санатында бас жүлдені Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы) жеңіп алды. Қыранды баптаудағы ептілігімен ерекшеленген Байқадамов Ерзат (Абай облысы) екінші орынды иеленсе, жүлделі үшінші орын Тумурзин Русланға (Ақмола облысы) бұйырды.

Қаршыға құсы бойынша 1-орынды Аршабай Дәурен (Түркістан облысы) қанжығасына байлады. Одан кейінгі орындарды Жалғасұлы Серікболсын (Жамбыл облысы) мен Махмудхан Заки (Түркістан облысы) өзара бөлісті.

Ал ителгі құстарының сайысында үздік нәтиже көрсеткен Оспанкұлов Таңат (Қарағанды облысы) бірінші орынды иеленді. Павлодар облысының өкілі Иманзайып Ермек екінші орыннан көрінсе, Алматы қаласының намысын қорғаған Есентаев Сұлтансері үшінші орынға жайғасты.

Қанатын кеңге жайған ұлттық спорт додасы еліміздің әр өңіріндегі құсбегілердің басын қосып, шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндік берді. Қырандарын көкке самғатқан құсбегілердің бұл сайысы – халқымыздың бай мұрасы мен рухани қазынасының асқақ бейнесі.

Айта кетейік, бұл турнирдің өтуіне Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы атсалысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button