FinanceБасты

АНК инвестициялық портфелі: Жалпы құны 1,22 млрд доллар болатын 500-ден астам жобаға қолдау көрсетілуде

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басшылығы «Бәйтерек» ҰБХ алдында 2024 жылғы қаржылық қызметі жөнінде есеп берді

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-де стратегиялық сессия өтті. Жиын барысында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков компанияның 2024 жылы атқарған қызметінің нәтижелері туралы баяндама жасады.

Іс-шараға «Бәйтерек» холдингінің тәуелсіз директорлары Мари-Элен Берар, Дэниел Витт, Манфред Грундке, «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев, АНК Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев қатысты.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның 2024 жылғы қаржылық қызметінің негізгі көрсеткіштері оның тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдейді. Презентация барысында ұсынылған деректер корпорацияның оң динамикасын айқын көрсетті.

Компанияның басты қаржылық жетістіктерінің бірі – таза пайданың 29%-ға артуы. Бұл көрсеткіш 27 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 29%-ға, ал 2022 жылғы деңгейден екі есеге жуық өскен.

Сонымен қатар, шоғырландырылған несие портфелі 19%-ға ұлғайып, 1,8 трлн теңгені құрады. Бұл – инвесторлар мен серіктестердің корпорацияға деген сенімінің жоғары деңгейін айғақтайды. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешені өкілдері тарапынан қаржылық құралдарға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.

– Бұл нәтиже активтерді тиімді басқару, ішкі процестерді оңтайландыру және несие өнімдерінің аясын кеңейту арқылы мүмкін болды. Корпорация қаржыландыру көлемінің тұрақты өсімін көрсетіп келеді. Соңғы үш жылда несиелеу көлемі 76%-ға артып, 2021 жылғы 464 млрд теңгеден 2024 жылы 818,2 млрд теңгеге жетті, – деп атап өтті Басқарма төрағасы.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның несие портфелінің негізгі үлесі тікелей несие алушыларға (57%) және несие серіктестіктері арқылы берілген несиелерге (32%) тиесілі. Сонымен қатар, 7%-ын екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімделген несиелер, ал қалған 4%-ын өзге қаржы институттары құрайды.

Корпорацияның тиімділігі мен қызметінің ашықтығы халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отыр. 2024 жылы Moody’s агенттігі АНК рейтингін Baa3 деңгейінен Baa2 деңгейіне көтеріп, «тұрақты» деген болжам белгіледі. Сондай-ақ, Fitch Ratings корпорацияны «BBB-» деңгейінен «BBB» деңгейіне дейін жоғарылатып, «тұрақты» болжамын бекітті.

АНК қолдауымен елдегі агроөндірістің 26%-ы қамтылған

Корпорация ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау аясын кеңейтуді жалғастыруда. Бүгінде АНК еліміздегі агроөндірістің 26%-ын қаржыландырып отыр, ал 2024 жылы несиелеу көлемі 818, 2 млрд теңгеге жеткен.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру да соңғы жылдары қарқынды өсуде. 2021 жылы бұл мақсатқа 70 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы қаржы көлемі 321,5 млрд теңгеге жетіп, 4,5 есеге артты. 2025 жылы бұл көрсеткіш 700 млрд теңгеге дейін ұлғаймақ, нәтижесінде қаржыландыру көлемі 10 есеге өседі деп жоспарланған.

2024 жылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге, ал «Кең дала 2» аясында 181,5 млрд теңге бөлінді.

– Біздің басты бағытымыз – қолжетімді және ыңғайлы қаржыландыру. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталды. Қаржыландыру алты арна арқылы жүзеге асырылады, соның ішінде тікелей несие беру және ӘКК арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, «Даму» қоры қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру тетігін ұсынады. Аталған шаралар 5,6 млн гектар жерді игеретін 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, өткен жылдың қараша айында Қазақстандық аграрийлер көптен күткен бастама жүзеге асып, 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына ерте қаржыландыру механизмі іске қосылды. Бұл мақсатқа 100 млрд теңге бөлініп, қаражат толық көлемде желтоқсанында игерілді.

Инвестициялық жобаларды қаржыландыру – корпорация қызметінің басым бағыттарының бірі. Жалпы АНК ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тауарлы сүт фермалар, жылыжайлар, құс фабрикалары және өзге де маңызды бағыттарды дамытуға 574 млрд теңге көлемінде қаражат бөліп, 500-ден астам жобаны қолдады.

2024 жылы аграрлық сектор инфрақұрылымын дамыту аясында 27 жоба іске қосылды. Оның ішінде:

  • 12 суару жүйесі жобасы,
  • 5 сақтау қоймасы,
  • 3 сүт-тауарлы ферма,
  • 3 құс фабрикасы,
  • 2 қайта өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілді.

– Корпорация қаржыландырумен қатар, табиғи апаттардың салдарынан қиындыққа тап болған шаруашылықтарға қолдау көрсетуге де басымдық береді. 2024 жылы құрғақшылық пен су тасқынынан зардап шеккен фермерлер үшін қарызды қайта құрылымдау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында 1,6 мыңға жуық фермер несие бойынша қарызды кейінге шегеру және қайта құрылымдау мүмкіндігін алды. Бұл оларды банкроттықтан сақтап, өндірісті жалғастыруға жағдай жасады.   

Жиында ауыл шаруашылығы техникасына да назар аударылды. «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке 224,2 млрд теңге сомасына 10,5 мыңға жуық техника берілді. Сонымен қатар, АНК жаңа қаржыландыру өнімін енгізгенін атап өтті. Бұл – қосымша кепілсіз, 20% бастапқы жарнамен немесе өтімді кепілмен техника сатып алуға мүмкіндік беретін лизингтік балама.

Қаржылық процестерді оңтайландыру үшін цифрлық шешімдер енгізу

«Аграрлық несие корпорациясы» қаржылық қызметтерді жеңілдету және жеделдету мақсатында цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыруда. Осы мақсатта мемлекеттік деректер базасымен және 50-ден астам сервистермен интеграцияланған онлайн-платформа әзірленді. Бұл жүйе несие өтінімдерін қабылдау процесін жеңілдетіп, клиенттерге құжаттарды ұзақ рәсімдеудің қажеттілігін жойды. Өтінім беру процесі үш кезеңнен тұрады: деректерді енгізу (ЖСН + телефон нөмірі), кепілзат мүлкін онлайн бағалау және автоматтандырылған қаржылық анализ. Осы жүйенің арқасында несие бойынша алдын ала шешім бар болғаны 5 минут ішінде қабылданады.

– Сонымен қатар, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына несие алу үшін берген өтінімдерді қарауды жеделдететін SMART  10  жүйесі, несие алушының құжаттарын жинау мен өңдеуді автоматтандыруға мүмкіндік беретін цифрлық несие тарихы әзірленді. Несие рәсімдеу үдерісін одан әрі оңтайландыру мақсатында «Агробизнес» бағдарламасы аясында BGOV.KZ жүйесімен интеграция жүргізілген. Сондай-ақ тәуелсіз бағалау үшін Bagalau.Agronesie.kz платформасы және AgroBagalau мобильді қосымшасы іске қосылды. Несие берілгеннен кейінгі қызмет көрсетуді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл несие портфелін басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Автоматтандырылған және қашықтықтан көрсетілетін қызметтер агробизнестің жаңа заманауи даму бағытына айналып отыр. 

2025 жылға жоспарлар

2025 жылы корпорация несиелеу бағдарламаларын одан әрі дамытуды, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыру көлемін 1 трлн теңгеден асыруды және несие өтінімдерін қарастыру үдерісін оңтайландыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіп саласында процестердің ашықтығын арттырып, жеделдігін қамтамасыз етіп, клиенттерге ыңғайлы болатын жаңа цифрлық шешімдер енгізілмек. Атап айтқанда, кепілмен қамтамасыз етудің онлайн-мониторингін енгізу, AgroСredit APP мобильді қосымшасының мүмкіндіктері кеңейту, блокчейн технологиясын пайдалана отырып, кепілдерді онлайн-тіркеу жүйесі іске асыру, сондай-ақ барлық несие өнімдерін қамтитын толыққанды CRM жүйесін енгізу жоспарда бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button