Social

100 миллион теңге: Павлодар тұрғыны қаржылық пирамида құрған

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Автолюкс» инвестициялық пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді

Қаржылық пирамиданың әрекет еткен кезеңі бар-жоғы 3 айды, 2024 жылдың қыркүйегінен қарашасына дейінгі аралықты құрады. Осыған қарамастан, оның қызметі Павлодар, Алматы, Ақтөбе және басқа облыстарға таралған, деп хабарлайды ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

«Күдікті интернет-дүкен платформасында жұмыс істей отырып, әр 10 күн сайын 5%-дан 15%-ға дейін сыйақы төлеумен тауарларды жалған түрде бөліп төлеу арқылы сатып алу үшін ақша салу жөнінде ұсыныс жасағаны анықталды.

Осыдан кейін салымшылар қолына тимеген тауар несиесін төлей берген, ал күдікті болса, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, оны қымбат ойын-сауыққа, соның ішінде шетелге (БАӘ, Тайланд және т.б.) сапарларға жұмсаған.

Нәтижесінде күдікті пирамидаға 100 миллион теңгеден астам қаражат салған 150-ден астам адамды тартқан» – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі атап өткендей, заңсыз жолмен табылған ақшаға күдікті Mercedes Benz және Toyota Camry маркалы екі автоөлік сатып алғаны анықталды, оларға соттың санкциясымен тыйым салынды.

Сот күдіктіге қатысты «үйқамақ» түрінде бұлтартпау шарасын таңдады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.

Естеріңізге салайық, 2024 жылы Агенттік салымшыларға 20 миллиард теңгеден астам залал келтірген 42 қаржылық пирамиданы жойды. 78 адам сотталды, 13 миллиард теңгеден астам залал өтелді, 287 миллион теңге көлеміндегі мүлік тәркіленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button