Басты

ҚазжолҒЗИ және Қазақстанның жетекші автожол университеттері 2025 жылдан бастап дуальды оқытуды іске қосады

 

Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты ALT University және Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтымен дуальды оқыту бойынша келісімшартқа қол қойды.

Көпжылдық серіктестердің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп, автожол саласындағы студенттерге теориялық білімдерін практикалық дағдылармен толықтыруға мүмкіндік береді. Қосымша сабақтар ҚазжолҒЗИ қабырғасында өтеді.

Бұл бастама жол саласы болашақ мамандарының даярлық сапасын арттыруға, сондай-ақ студенттердің кәсіп туралы нақты түсінік қалыптастыруына бағытталған.

Көптеген жылдар бойы ғылыми-зерттеу институты студенттерге өндірістік тәжірибеден өту және тағылымдама бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін ұсынып келді. Енді ҚазжолҒЗИ оқу процесіне тікелей қатыспақ.

«Бұл – білікті мамандар тапшылығы саласындағы проблеманы шешуге нақты үлес қосуға жақсы мүмкіндік. Біздің мақсатымыз – кәсіби мамандарды сапалы дайындауға ықпал ету. Дуальды оқыту 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында институтымыздың зертханасында өтетін сабақтармен басталады», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.

Дуальды оқыту шеңберіндегі кеңейтілген білім беру студенттер мен университеттер тарапынан қосымша шығынды қажет етпейді, өйткені білім беру процестеріне қолдау тегін негізде жүзеге асырылатын болады.

ҚазжолҒЗИ, ҚазАЖИ және ALT University арасындағы келісімге Астанада өткен Kaztraffic-2024 ғылыми конференциясы мен халықаралық көрмесі барысында қол жеткізілді.

Ғылыми-зерттеу институты жол саласындағы кадр тапшылығы мәселесіне ерекше назар аударып, жүйелі шешімдер әзірлеуді тұрақты түрде қолға алуда.

 Мысалы, 2022 жылы институт маман тапшылығының себептеріне зерттеу жүргізіп, соның негізінде ҚР Көлік министрлігімен бірлесіп жоғары білім беру жүйесінде «Көлік құрылысы» деген жеке мамандықты қалпына келтірді. 

2023 жылы жұмыс істеп жүрген жол саласы мамандарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау мақсатында Құзыреттерді дамыту орталығы ашылды. 

2024 жылы жол саласының мамандарына арналған «Jolshy» ақпараттық базасы әзірленді. Бұл база салалық кадрлық анықтамалық әрі электрондық еңбек биржасының аналогы ретінде қызмет етуге бағытталған.

 

Толығырақ: 

Айнаева Адина +7 778 673 78 03

«ҚазжолҒЗИ» Сыртқы коммуникациялар қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button