Астанадағы Екінші Азия-Мұхит радиологтар мектебі: тәжірибе алмасу мен халықаралық ынтымақтастық
Бүгін елордада Астана медицина университеті қазақстандық радиологтар қоғамымен және «University Medical Center» корпоративтік қорымен бірлесіп ұйымдастырған Aosor Asion Tutorial Astana-2024 Екінші Азия – Мұхит радиологтар мектебі салтанатты түрде ашылды. Бұл іс-шара Қазақстанның денсаулық сақтау саласына мыңдаған білікті мамандар дайындайтын университеттің 60 жылдық мерейтойына орайластырылған.
Азия-Мұхит мектебі жас радиологтардың, резидент дәрігерлердің және сертификатталған мамандардың кәсіби біліктілігін дамытуға және тәжірибе алмасуға бағытталған. Бағдарлама диагностика мен интервенциялық радиологияның заманауи әдістері бойынша дәрістерді, сондай-ақ ультрадыбыстық диагностика, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияға арналған практикалық семинарларды қамтиды.
Іс-шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан, Грузия, Моңғолия және Өзбекстан радиологтары қатысады. Отандық мамандардан басқа, Үндістан, Ресей, Корея, Қытай және Австриядан келген сарапшылар дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізеді.
«Университетіміздің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты нығайту және медициналық білімнің деңгейін көтеру – басты ұстанымымыз. Бұл іс-шараға қосып жатқан үлес үшін барлық шетелдік әріптестеріме алғысымды білдіремін», – деп атап өтті Астана медицина университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Қамалжан Надыров.
Аталмыш бағдарлама бір аптаға созылады. Қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, радиологиялық білімге, медициналық қызметтердің сапасына және радиологиялық бөлімшелер жұмысының әкімшілік аспектілеріне қатысты мәселелерді талқылайтын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Бірінші Азия-Мұхит мектебі өз жұмысын Астана медицина университетінің базасында академик Ж.Х. Хамзабаев атындағы радиология ғылыми-зерттеу институтының ашылу күнінде бастаған болатын.