Бүгін – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні
Бүгін – Алаш руханиятының темірқазығы, қоғам қайраткері, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай елордада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қаламгерлер аллеясында өткен шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қалалық мәслихат депуттары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және елорда тұрғындары қатысты.
Еңселі ескерткіштің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым еткен көпшілік Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық жолындағы ерен еңбегі мен ұлт ұстазын ұлықтайтын күні елімізде атап өтілетін – Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі жайында сөз сөйледі.
Атап өтсек, 2017 жылы Үкімет қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып ресми бекітілген болатын. Осыған орай елімізде жыл сайын көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, тағылымы мол мерекеге ерекше мән беріледі.