Басты

Медициналық ұйымдарда қомақты сомадағы қарыз неден болды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қомақты сомада қарызы бар медициналық ұйымдарға қатысты түсінік берді.

«2024 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 82,3 млрд теңгені құрады. Медициналық ұйымдардың жедел деректеріне қарағанда, биылғы 20 наурызда кредиторлық берешек 75,9 млрд теңгеге дейін азайды. Оның пайда болуының негізгі себептеріне тоқталсақ, медициналық ұйымдардағы басшыларының басқарушылық шешімдері (менеджменттің төмен деңгейі) әсер етті. Бұл тұрғыда, медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзу, кредиторлық берешек болған кезде сараланған төлемді және сыйлықақы төлеуді ұлғайту, төсек қорын ұтымсыз пайдалану жағдайлары кездесті. Екіншіден, дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу және жұмсау процесінде аналитиканың болмауы ықпал етті. Үшіншіден, инфляция деңгейін ескере отырып, тарифті индекстеу ескерілмеген», — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

2024 жылғы 22 ақпанда өткен Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында кредиторлық берешекті төмендету бойынша мынадай қысқа мерзімді шаралар ұсынылды:

— кредиторлық берешекті қысқартудың қабылданып жатқан шаралары бойынша денсаулық сақтау басқармалары және медициналық ұйымдар басшыларының есеп беру тәжірибесін енгізу;

— стационарларда клиникалық фармакологтың рөлін күшейту немесе қауымдастықтармен баламалы өзара әрекеттесу бойынша жұмысты атқару;

— халыққа медициналық ұйымдардың қаржылық жағдайы бойынша бас дәрігерлердің есептерін жариялау тәжірибесін енгізу;

— қаржы қызметкерлері мен медициналық ұйымдарының менеджмент қызметкерлерін оқыту.

«Жоғарыда аталған ұсыныстар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 14 наурыздағы № 152 бұйрығымен бекітілген медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін оңтайландыру арқылы қаржылық тұрақтылықты жақсарту іс-шаралар жоспарында ескерілген.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жылдың басында елімізде несие берешегі бар медициналық ұйымдардың жағдайы тексеріліп жатқаны белгілі болды.

Сол кезде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 400-ден астам медициналық ұйымның 82 млрд теңге сомасында несие берешегі барын айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button