Оппенгеймердің немересі климаттың өзгеруімен күресу үшін атом энергиясын пайдалануды ұсынды
Ядролық энергетикалық технологияларды әлемді жою үшін емес, оны құтқару үшін пайдалануға болады. Бұл туралы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапонияға тасталған атом бомбасын жасауда маңызды рөл атқарған Роберт Оппенгеймердің немересі Чарльз Оппенгеймер Токиода өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады Anadolu.
Әйгілі физиктің немересі климаттың өзгеруіне қарсы күресте атом энергиясын кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті. Оппенгеймер ядролық энергиясы бар елдер арасындағы диалогты жандандыру қажеттігін де қоса кетті.
Оның пайымдауынша, егер олар қарым-қатынасты арттырмаса, АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы шиеленіс әлемдегі ең үлкен қауіпке айналуы мүмкін.
– Ата-бабамыздан, соның ішінде менің атамнан үлгі аламыз деп ойлаймын. Олардың кеңестерін тыңдау бүгінде бұрынғыдан да маңызды. Мен атом энергиясын игілікке пайдалана алатынымызға сенемін, – дейді Оппенгеймер.
Оппенгеймердің немересі Жапонияның оңтүстік-шығысындағы Хиросимаға сапары кезінде Хиросима бейбітшілік мемориалдық мұражайының директоры Харада Хирошимен кездесті.
Ақпарат үшін, америкалық физик, «атом бомбасын ойлап тапқан» Роберт Оппенгеймердің немересі 49 жастағы Чарльз Оппенгеймер АҚШ-та тұрады. Ол атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды қолдайтын «Oppenheimer Project» үкіметтік емес ұйымының негізін қалаушы.