Еуропа елдерінде маска тақпағандарға қомақты айыппұл салынады
Еуропа елдері коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеу шараларын жеңілдетуді жалғастыруда.
Еуропада инфекцияның таралу деңгейінің азаюына қарамастан, көптеген мемлекеттің билік органдары азаматтардан бұрынғыдай маска киюді және қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтауды талап етеді. Ережені сақтамағандарға айыппұл салынады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Германияның барлық федералды штаттары қоғамдық орындарда және көлікте маска тағуды ұйғарды. Елдің кейбір аймақтарында тәртіп бұзушыларға бірнеше мың еуроға дейін көп мөлшерде айыппұл салынады. Мұнда «маскалық режимді» енгізудің себептерінің бірі Германиядағы бірінші болып тұрғындарына маска тағу міндеттелген Йена қаласының оң тәжірибесі болды. Қала билігі жаңа ережелер енгізілгеннен кейін коронавируспен күресте айтарлықтай жетістікке жетті деп мәлімдейді.
Испания үкіметі қоғамдық орындарда шектеусіз мерзімге қорғаныш маскаларын тағу бойынша талаптар енгізген. Егер 1,5 метр әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, маска жабық ғимараттарда және ашық ауада кию керек. Бұл ережені бұзғаны үшін 100 еуро көлемінде айыппұл қарастырылған.
Францияда қоғамдық көліктің барлық түрлерінде, соның ішінде таксиде маска тағу керек. Тәртіп бұзушыларға 135 еуро көлемінде айыппұл салынады.
1,5 метр қашықтықты сақтау және қоғамдық көліктерде маска тағу талабы Нидерландыда да белгіленген. Ережені сақтамағандарға тиісінше 400 және 90 еуро көлемінде айыппұл салынады.
Маскасы болмағаны үшін Бельгияда қоғамдық көлікте жүрген жолаушыға 250 еуро айыппұл салынады. Австрияда қоғамдық көлікте, дәріханаларда, ауруханаларда және қызмет көрсету саласында маска тағу міндетті. Заң бұзушылар 3,6 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Жаңа ережелерді сақтамаған компанияларға 30 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Польшада қоғамдық көлікте, дүкенде, шаштаразда және діни мекемелерде жүргенде маска тағу әлі де міндетті. Поляк полициясы маскасыз клиенттерге 500 злота (шамамен 110 евро) мөлшерінде айыппұл сала алады.
Масканы тағу талабы Латвия, Словения, Италия, Венгрия, Греция, Португалия және Румыния сияқты Еуропа елдерінде сақталған. Осы мемлекеттердің барлығында «маскалық режимді» бұзғаны үшін айыппұл салу қарастырылған.
Еуропалық билік коронавирустың екінші толқынын күтеді және азаматтарды жауапты болуға шақырады: қашықтықты сақтап, маска кию міндетті болмаса да оны тағуға кеңес береді. ЕО елдерінің мемлекет және үкімет басшылары өз азаматтарына коронавирус жұқтырған адамдар санының күрт өсуі жағдайында шектеу шаралары күшейтілетінін ескертті.