Өткен аптада әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалған жоқ
Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорларынан көкөністерді қолжетімді бағамен сауда орындарына жеткізу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Қорда жиналған 162,5 мың тонна көкөністің 29,4 мың тоннасы өңірлерге жіберілді: 16,1 мың тонна картоп, 4,1 мың тонна сәбіз, 5,2 мың тонна пияз және 3,9 мың тонна қырыққабат. Ақпан айында тұрақтандыру қорынан шығарылған көкөніс көлемі айлық жоспардан асып кетті. Бұл ретте ресми статистика соңғы аптада 6 өңірде картоп пен сәбіз бағасының өскенін тіркеді. Вице-премьер бағаны тұрақтандыру үшін нарықтағы көкөніске сұраныс пен өндіріс көлемін сараптап, қажет болған жағдайда көкөністер мен оларды қолжетімді бағамен сататын сауда нүктелерін көбейту арқылы бұл жұмысты жандандыруды тапсырды.
Жалпы 2024 жылдың басынан бері әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 0,4%-ды құрады (2023 жылғы 13 ақпанда – 2,4%). Өткен аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі тұрақты (0%) болды.
ҚР СИМ Сауда комитеті электронды шот-фактуралар арқылы өндірушіден бастап сауда сөрелеріне дейінгі баға тізбегін талдауды жалғастыруда. Жыл басынан бері 432 тізбек сарапталып, 193 заң бұзушылық тәуекелі анықталды.
Сауда комитеті барлық тәуекел фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін материалдарды аумақтық бөлімшелерге жіберді.
Вице-премьер 70%-дан кем емес шекті қатаң сақтай отырып, шаруаларды тікелей қаржыландыру жұмысын жалғастыруды және әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын ұдайы назарда ұстауды және бағалар негізсіз көтерілген жағдайда жедел әрекет етуді тапсырды.