Social

Сандәрігер: Қызылшамен ауырып жатқан астаналықтардың 68 пайызы – бұрын вакцина алмағандар

Астана қаласында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес. Осы аптада тәулігіне 48-ге жуық жағдай тіркелді. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Астана қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Қаңтар айының басынан бері елордада қызылшаның 1029 бастапқы және 321 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 227 жағдай. Науқастардың 68 пайыздан астамы – бұрын қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Бұл инфекцияның елордада таралуына себеп болып отыр», – деді С.Бейсенова.

Оның айтуынша, соңғы аптада қызылша ауруының көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,1 есеге өскен. Жаңа жылдық мереке кезінде әлеуметтік қарым-қатынастың артуына байланысты ересектер арасында 49-дан 71 жағдайға дейін өсу байқалады.

«Ал  қазіргі уақытта желтоқсан айымен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі балалар мен 3 жастағы балалар арасында, керісінше, сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Мәселен, 1 жасқа дейінгі ауырған балалардың үлес салмағы тиісінше 14 пайыздан 8 пайызға дейін және 3 жастағы балалардың үлес салмағы тиісінше 22 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеді. Көрсетілген жас аралығындағы сырқаттанудың  төмендеу себебі бұл – қосымша жаппай иммундаудың нәтижесі. Яғни вакцинацияның тиімділігін жоққа шығару мүмкін емес», – деді спикер.

Елорданың медициналық ұйымдарымен ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес, вакцина алмаған балаларды анықтау жұмыстары жалғасуда. Осылайша, 1 және 6 жаста қызылшаға қарсы егілмеген 7-18 жас аралығындағы анықталған 13 000 баланың 12 336-сі иммунизациямен қамтылды, бұл 94,9 пайызды құрайды.

2023 жылы 6 қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін қосымша жаппай иммундауға жататын контингенттің 67,7 пайызы, яғни 121 000 адамның 81 921-і егілді. Соның ішінде 6 айдан 10 ай 29 күндік  вакцинациялауға жататын 24 000 баланың  11 955-і немесе 49,8 пайызы екпемен қамтылды. 

2-4 жастағы вакцинациялауға жататын 78 000 баланың 50 309-ы, яғни 64,5 пайызы екпе алды. Сондай-ақ 7321 медицина қызметкері егілді.

«Балаларына вакцинация салдырудан бас тартқан ата-аналар арасында иммундаудың тиімділігі туралы белсенді түсіндіру жұмыстарының арқасында олардың вакцинацияға деген көзқарастары өзгеріп,  оң шешім қабылдауына ықпал еттік. Осылайша,  қаңтар айының басынан бері ата-анасы вацинациядан бас тартқан 4529 баланың 995-і екпе алды», – деді Астананың бас санитариялық дәрігері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button