Жеңіл өнеркәсіп жобаларына 3% несие қолжетімді
ҚР Жеңіл өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар 2023 жылғы қаңтар-қарашада 25 653,4 млн теңгені құрады, бұл 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 4,3 есе жоғары, деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Негізгі капиталға инвестициялардың ұлғаюы барлық кіші салаларда байқалады. Тоқыма бұйымдарын өндіруде 3,6 есе, киім 5,9 есеге, былғары және оған қатысты өнімдер 16,6 есеге өскен.
Өткен жыл соңында Түркістан облысында инвестиция көлемі 3 млрд теңге болатын мақта өңдеу зауыты, Батыс Қазақстан облысында инвестиция көлемі 1 млрд 300 млн теңге болатын бигбег өндірісі жұмысын бастады. Астана қаласындағы инвестиция көлемі 800 млн теңгені құраған тігін фабрикасы, Түркістан облысында инвестиция көлемі 300 млн теңге болатын тігін фабрикасы іске қосылды» – делінген хабарламада.
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Несиелік сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы шеңберінде кәсіпкерге жылдық 8% – бен кредиттер беріледі. Кредит бойынша кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда ішінара кепілдік беріледі.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде негізгі қарыз алушыға 8% дейінгі мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген кредит беру ұсынылады.
Жаңа қаржы құралдарының бірі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңіл өнеркәсіп жобаларын 3% пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру болып табылады.