Қазақстан тағамдық жұмыртқа мен құс етін өндіруді қалай ұлғайтпақ?
2022 жылы Қазақстанда тауық жұмыртқасы өндірісінің көлемі 5 028,5 млн дананы құрады. Бұл халық қажеттілігінің 102% қамтиды. 2023 жылдың 11 айында 4 919,9 млн дана жұмыртқа (98%) өндіріп, 186,6 млн дана жұмыртқа экспорттады (РФ 2 млн 600 мың, Ауғанстан 114 млн, Қырғызстан 70 млн). Ал, сол аралықта Қазақстанға 264,1 млн дана жұмыртқа импортталды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде жұмыртқа бағытындағы 34 және ет бағытындағы 31 құс фабрикасы жұмыс істейді. Жыл сайын олар 5 млрд дана тауық жұмыртқасын өндіреді.
«Жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары жоқ өңірлерде (ШҚО, Маңғыстау облысы, Абай және Ұлытау облыстары) отандық өндірісті жұмыртқамен қамтамасыз етуді арттыру үшін қуаттылығы жылына 802 млн дана жұмыртқа өндіретін 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл үшін Министрлік «Инвестициялық субсидиялау ережесіне» тиісті өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір данасы 3 теңге нормативімен тағамдық жұмыртқа өндірісінің өзіндік құнын төмендетуге берілетін субсидиялар алынып тасталды. Осыған қарамастан, Азық-түлік корпорациясы 2022 жылы құс фабрикаларына 126,7 мың тонна жемдік астықты ҚҚС қосқанда тоннасына 117 мың теңге бағамен, яғни нарық бағасынан 30 мың теңгеге арзан сатты» – делінген хабарламада.
Мемлекет бір басқа 60 теңге нормативімен жұмыртқа бағытындағы соңғы нысандағы тәуліктік балапанды сатып алуды субсидиялайды. 2023 жылы тағамдық жұмыртқа өндірісінің құнын арзандатуды субсидиялауға 1,2 млрд. теңге сомада,ы берешек өтелді. Сондай-ақ тәуліктік балапанды сатып алуға 476,7 млн. теңге көлемінде субсидиялар бөлінді.
«Ал, құс етінің импорты өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда 25 мың тоннаға жуық азайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 328,6 мың тонна сойыс салмағындағы құс еті өндірілді (2022 жылы – 288,7 мың тонна). Отандық құс фабрикалары ішкі нарыққа өнімнің 74% -ын жеткізді.
2023 жылдың 11 айында экспортқа 28,2 мың тонна өнім жөнелтілді. Экспорттың негізгі бағыттары – РФ (19 мың тонна), Қырғызстан (7,5 мың тонна), Беларусь (653 тонна), Өзбекстан (611,6 тонна).
2023 жылы етті құс шаруашылығын субсидиялауға 21,7 млрд. теңге, оның ішінде құс еті өндірісінің құнын арзандатуға – 21,4 млрд. теңге және асыл тұқымды тәуліктік балапанды сатып алуға – 336,8 млн. теңге бағытталды» – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Алдағы 3 жылда жалпы қуаттылығы 210 мың тонна құс етін өндіретін 29 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл 2027 жылға қарай импортқа тәуелділікті толық жабуға мүмкіндік береді. Жобаларды iске асыру Үлкен жоба (СҚО-ның оң тәжiрибесiн көбейту) шеңберiнде жоспарланып отыр.