PoliticsБасты

Президент Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді

Жиында Мемлекет басшысы жаңа Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті таныстырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент ведомствоның жаңадан тағайындалған басшысы ішкі істер органдарында 30 жыл еңбек еткенін, аудандық жедел уәкіл қызметінен министрдің орынбасары лауазымына дейінгі сатыдан өткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы министр Марат Ахметжановтың басшылық еткен кезінде ішкі істер органдарының қызметін ұйымдастырудағы оң өзгерістерге ерекше назар аударып, цифрлық технологияларды енгізу, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін жедел тіркеу, сондай-ақ полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету сынды бастамаларына тоқталды.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту және түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жөнінде нақты тапсырмалар бергенін айтты. Аталған тапсырмалардың іске асырылуы көбіне құқықтық тәртіптің деңгейіне байланысты екенін және осы ретте полиция маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының жұмысын түбегейлі өзгертуге, халықпен және азаматтық қоғам институттарымен тұрақты байланыс жасауға қатысты жаңа идеялардың қажеттігіне назар аударды.

– Сервистік полицияны дамыту ісін жалғастыру керек. Ол үшін тұрғындарға құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ынтымақтастықтың өзара тиімді жолдарын ұсыну қажет. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жүйесі де айтарлықтай өзгерістерді қажет етеді. Биыл 30 маусымда ІІМ кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларымның іске асырылуын қамтамасыз ету керек. Жүктелген міндеттер – өте маңызды. Сондықтан оларды табысты орындау үшін барлық жеке құрам және ең алдымен, министрлік басшылығы жұдырықтай жұмылуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ІІМ басшылығына жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button