Басты

Құрғақшылық болса да, биыл күрішсіз қалмаймыз – министрлік

Құрғақшылықтан күріш алқаптары зиян шеккен жоқ. Бұл туралы АШМ аграрлық азық-түлік нарығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының міндетін атқарушы Шаймерден Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де, биыл жағдай күрделі болып тұр. Құрғақшылық болды, бірақ барлық жерде, барлық өңірде емес. Қызылорда облысының әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, ол жақта құрғақшылықтан күріш алқаптары зардап шекпеген. Қанағаттанарлық, өткен жылға деңгейде өнім алынбақ», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел отырысында.

Шаймерден Ахметовтың айтуынша, ел тұрғындары шыққан өнімнің жартысын ғана тұтынады. Ал қалған бөлігі экспортқа шығарылады.

«Сондықтан да құрғақшылықтан күрішсіз қалу деген мәселе тумайды. Оның үстіне бұған дейін атап өткенімдей, біршама бөлігін экспортқа шығаруға да әлеуетіміз жетеді. Ресей мен Үндістанға экспорттың жабылуына байланысты ашылуы мүмкін нарықтарға күріш экспорттауға мүмкіндік бар. Дегенмен, оның бәрі ол жақта бағаның қандай болатынына, өндірушілерімізге жаңа немесе бұған дейін күріш экспорттап келген дәстүрлі нарықтың қайсысы тиімді болатынына байланысты», – деді Шаймерден Ахметов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button