EducationБасты

Студенттер көне жатақханаларда тұруға мәжбүр

Еліміздің 11 өңірінде студенттер жатақханасы тексеріліп жатыр. Бұл туралы AMANAT партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір біз 11 өңірдегі жатақханаларды тексеріп жатырмыз. Университеттер бойынша біз тексерген жатақхананың 70-сін жақсы деп айтуға болады. 39-ы орташа, 2 жатақханада құрылыс жүріп жатыр. Колледждер бойынша жалпы 126 жатақхананың 75-і жақсы. 36-сының жағдайы орташа, 13-інің жағдайы нашар, 2 жатақханада тұру мүмкін емес», – деді ол.

Оның айтуынша, мониторинг барысында 11 жатақханада санитарлық және қауіпсіздік нормаларының сақталмауы, су крандарының жұмыс істемеуі, оқу залдарының тиісті мақсатта пайдаланылмауы, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындардың жоқтығы әшкере болған.

«Сондай-ақ кеңес үкіметі кезінде салынған жатақханалар қайта жөндеуді қажет ететіні немесе тұруға мүлдем қолайсыз екені анықталды. Былайша айтқанда, ескі заманнан келе жатқан жатақханалар бар. Кей жерлерде біз 1930 жылы салынған жатақханаларды көрдік. Мысалы, өңірдегі ірі жоғару оқу орындарында осындай жағдай кездесетіні көңіл көншітпейді», – деді Нұржан Жетпісбаев.

Осы ретте ол ондай оқу орындары қатарында Ұлытау облысындағы Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін, Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін, Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын, Қарағанды облысындағы Теміртау кәсіптік-техникалық колледжін, Павлодар облысындағы Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалық колледжін, Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетін, Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл жоғары құрылыс экономикалық колледжін, гуманитарлық-техникалық колледжін, Абай облысындағы Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы экономикалық колледжін, Алматы облысындағы Жандосов атындағы Қаскелең мәдениет колледжін атады.

«Мұндағы жатақханаларды жағдайы орташадан төмен. Бұл бағытта тыңғылықты жұмыс істеу керек», – деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button