ӘлемБасты

Қазақстан СІМ басшысы мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша сағаттарды теңестірді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Іс басындағы төрағасы, Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі Буяр Османимен кездесу өткізді,-деп хабарлайды СІМ ресми сайтында.

Тараптар ЕҚЫҰ кеңістігіндегі және Ұйым ішіндегі саяси ахуалды талқылады, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер арасындағы сенім мен сындарлы диалогты қалпына келтірудің ықтимал жолдары туралы пікір алмасты.

Сонымен қатар Б. Османи ЕҚЫҰ-дағы Солтүстік Македонияның басымдықтары туралы баяндап, Ұйымның одан әрі дамуына қатысты Іс басындағы төрағалық туралы көзқарасымен бөлісті. Министр сондай-ақ 2010 жылғы Астана декларациясында, әсіресе ортақ және бөлінбейтін еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құру бөлігінде бекітілген мақсаттар мен міндеттердің өзектілігін атап өтті.

М. Нұртілеу Ұйымның ЕҚЫҰ кеңістігіндегі дағдарыс жағдайларды реттеу үшін маңызды келіссөздер алаңы ретіндегі рөлін атап өтті. Сондай-ақ, сыртқы саяси ведомствоның басшысы Қазақстан ЕҚЫҰ-ны нығайтуға өз үлесін қосуды және Іс басындағы төрағалыққа одан әрі жәрдемдесуді жалғастыратынын растады.

Атап айтқанда, тараптар халықаралық терроризм мен экстремизмге, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес, сондай-ақ шекаралық қауіпсіздік сияқты мәселелер бойынша өзара іс-қимылды талқылады.

Кездесудің жеке тақырыбы ағымдағы жылдың соңында Скопье қаласында өтетін ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысына дайындық болды.

Солтүстік Македониямен серіктестік аясында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттарын талқылады, олардың ішінде көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және туризм. Қазақстан мен Солтүстік Македонияның теңізге шығатын жол жоқ екенін ескере отырып, екі ел жаңа сауда бағыттарын дамытуға мүдделілігін растады.

Келіссөздердің басым бағыттарының бірі екі елдің азаматтары үшін визалық талаптардан босату туралы екіжақты келісімге қол қою мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ Астана мен Скопьенің ішкі және сыртқы саяси тәсілдерін біріктіретін этносаралық және дінаралық ынтымақты ілгерілету болды.

Келіссөздер соңында министрлер екіжақты және аймақтық алаңдарда тұрақты диалог жүргізуге келісті.

Анықтама: Қазақстандық кедендік статистика деректері бойынша 2022 жылы ҚР мен Солтүстік Македония арасындағы сауда айналымы 9,3 млн АҚШ долларына жетті (экспорт – 7,3 млн, импорт – 2 млн), бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 5,5 есе асып түсті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button