Басты

Атырауда тыныс алдыру аппараты жетіспей жатыр: әкімдік демеуші іздейді

Атырау облысы бойынша коронавирустың таралуы өршіп барды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова халыққа медицина қызметкерлері жетіспейтінін және жасанды тыныс алдыру аппараттарын сатып алу үшін демеуші қажет екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды ATPpress.kz.

25 маусымдағы мәлімет бойынша, наурыздан бастап өңірде коронавирус жұқтырған 3209 адам тіркелген: оның ішінде, ауру белгісімен 1560 адам, ауру белгісі жоқ 1649 адам анықталған.

«Шынын айту керек, жағдай қиындап барады. Бүгінгі жағдай сәуір, мамырдағы жағдайға қарағанда қиын екенін жасырмаймыз. Бір тәулікте коронавирус жұқтыратындар саны күрт ұлғайды. Бұрын күніне бес адам анықталса, енді күніне 20-25 адам түседі», – дейді Хаменова.

Оның айтуынша, жұқпалы аурулар стационарында жатқан 90 пайыз науқас 60-80 жас аралығындағылар. Бақытгүл Хаменованың сөзінше, жақын күндері Геолог поселкесінің емханасында және қосымша Атырау облыстық ауруханасында провизорлық стационар ашылады.

«Мен жерлестерге үндеу жасаймын! Бәлкім, сіздердің араларыңызда медицина мамандары бар болар – ерікті түрде болсын көмек көрсетуге дайын реаниматолог, инфекционист, эпидемиологтар болса. Бізде мамандар тапшы», – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Хаменова медициналық стационарларда 111 жасанды тыныс алдыру аппараты барын, бірақ ол жетпейтінін айтты. Облыс әкімінің орынбасарының сөзінше, егер жергілікті тұрғындар арасында жасанды тыныс алдыру аппаратын сатып алуға көмектескісі келетін демеушілер болса, әкімдік көмекті қабыл алуға дайын.

Сондай-ақ, брифингте өңірдегі күрделі жағдайға байланысты барлық емхана жоспарлы жұмысты 80 пайызға уақытша тоқтатқанын айтты. Бірінші кезекте шұғыл жағдайларға қызмет көрсетіледі. Атырау қаласында жеті емхана бар және қазір олардың жанынан провизорлық стационарлар ашу мәселесі қарастырылып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button