PoliticsБасты

ІІМ “Дикий Арман” тобын әшкерелеу бойынша 3 арнайы операция жүргізді

ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратураның үйлестіруімен жетекшісі “қаңтар оқиғасына” белсенді қатысқан Арман Жұмагелдиев болып табылатын ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеуге және жоюға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізуде.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен негізгі қатысушылары қамауға алынғанына қарамастан, оның басқа мүшелері адвокаттардың қызметтерін қаржыландыра отырып, құқыққа қарсы қызметпен айналысуын жалғастыруда. Тергеу процесінің қатысушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және интернет желісі арқылы қысым көрсетуде. Әзірленген жоспарға сәйкес аталған топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу үш кезеңде жүргізілді.

Бірінші кезең халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада “Нойс” деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің “оң қолы” басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталды. Мәселен, 19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды.

Екінші кезеңде криминалдық ортада “Карась” лақап атымен белгілі “Дикий Арманның” тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылды. 25-26 сәуір аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында 130-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз ойын бизнесіне және аталған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыруға қатысы бар 53 фигурант ұсталды.

Осы жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Мамыр айында қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 266-бабымен қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

12 шілдеде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен бірлесе отырып, операцияның үшінші кезеңін іске асырды. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан қалаларында “қаңтар оқиғасы” кезінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан 18 фигурантты ұстады. 36 тінту іс-шарасы жүргізіліп, бірнеше шолақ қару, тапаншалар, пышақтар, кастет, діни әдебиет, сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің киімдері тәркіленді.

– Осы бағыттағы жедел іс-шаралар жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button