SocialБасты

Елімізде 70-ке жуық көше мен 18 оқу орнының атауы өзгереді

Қазақстанда 69 көше мен 18 мектепке жаңа атау беріледі. Бұл жайында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді.

Ұлттық музейде Парламент депутаттарының, министрлік өкілдерінің, ғалымдар мен жазушылардың қатысуымен республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті.

Кездесуде Қазақстанның өңірлеріндегі 18 оқу орнын және Көкшетау, Қосшы, Степногор (Ақмола облысы) Арыс (Түркістан облысы) және Талдықорған (Жетісу облысы) қалаларындағы 69 көшенің атауын өзгерту мәселесі талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф, тарихшы, академик Өзбекәлі Жәнібековтің есімін беру туралы шешім қабылданды.

Ақтау қаласындағы №28 жалпы орта мектепке ұлы ағартушы, ғалым, ақын және публицист Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.

«Ұлт ұстазының» есімімен Қостанай ауданының білім бөлімінің мемлекеттік тілде оқытатын Заречная жалпы білім беретін мектебі, сондай-ақ Жетісу облысы Алакөл ауданының Үшарал қаласының №1 орта мектебі аталады.

Қостанай ауданының білім бөлімінің Совхоз жалпы білім беретін мектеп атауы көрнекті жазушы, ақын және қоғам қайраткері Спандияр Көбеевтің құрметіне өзгертіледі.

Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласының №2 орта мектебі қазақ әдебиетінің классигі, ақын, жазушы, драматург және журналист Ілияс Жансүгіровтің есімімен аталады.

Жетісу облысы Алакөл ауданы Бескөл станциясының № 14 орта мектебі атауы әлемге әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің құрметіне өзгертіледі.

Жетісу облысы Алакөл ауданы Достық кентінің № 11 орта мектебі Кеңес Одағының Батыры және майдангер-жазушы Бауыржан Момышұлының есімімен аталады.

Жетісу облысындағы Үшарал қазақ гимназиясына ұлы ағартушы және педагог Ыбырай Алтынсариннің есімі беріледі.

«Идеологиялық тұрғыда ескірген, қайталанатын атаулары бар көшелер мен басқа да орындарға келетін болсақ, Көкшетау қаласында «Революция үшін күрескерлерге арналған саябақ» «Алаш арыстары» деп өзгертіліп, Дмитриев көшесі аты аңызға айналған Дәулеткерей күйшінің құрметіне өзгереді. Ақмола облысының Қосшы қаласындағы 20-шы шағын ауданның бірнеше көшесіне Әміре Қашаубаев, Жаһанша Досмұхамедов, Нұрғиса Тілендиев, Жұмекен Нәжімеденов, Роза Бағланова, Шоқыр Бөлтекұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Батырхан Шөкенов сияқты қайраткер тұлғалардың есімі берілді. Степногор қаласында Парковая және Степная көшелері аты аңызға айналған палуан Қажымұқан мен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың құрметіне өзгертіледі. Сол сияқты Талдықорған қаласының бірнеше көшесіне қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың, Тұманбай Молдағалиев, Сағадат Нұрмағанбетов сияқты тұлғалардың есімі берілді», – деп жазады министр Асхат Оралов Telegram парақшасына.

Түркістан облысының Арыс қаласында Роза Бағланованың, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның және әртүрлі географиялық орындардың: Шарын, Сарыарқа, Ұлытау, Жидебай, Сарайшық және т. б. атындағы көшелер пайда болады.

Атаулардың бір бөлігі қайта қарауға бағытталған. Бұл «Гүлдер», «Асу», «Тіршілік» және «Айналайын».

Отырысқа қатысушылар көше атаулары өңірдің тарихи және географиялық ерекшеліктерін көрсетіп, нақты мағынаға ие болуы керек деген пікірге келді.

Жақында Түркістанда өткен ұлттық құрылтайдың II отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өмірбаяны біреудің жеке мүддесі мен қалауы үшін мақсатты түрде мифологияланған кеңестік қайраткерлердің есімін әртүрлі нысандарға беру тәжірибесін тоқтату керектігін айтты.

Президент ономастика саласында тәртіп орнатуды және өңірлік ерекшеліктерді де, жалпыұлттық басымдықтарды да ескере отырып, барлық рәсімді регламенттеуді тапсырған болатын.

Дәл осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі көрнекті қайраткерлер мен тарихи тұлғалардың «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Соның негізінде нысандар мен көшелерге жаңа атау беріледі.

Қазіргі уақытта комиссияға 681 ұсыныс түсті.

Оларды жергілікті ономастикалық комиссиялардың қарауына әкімдіктерге жіберу туралы шешім қабылданды.

Мәдениет комитетіне әдістемелік ұсынымдарға қажетті өзгерістер енгізу жөнінде тапсырмалар беріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button