Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жаңа басшысы тағайындалды
Алматы облысы әкімінің шешімімен Разбеков Тамерлан Талғатұлы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы болып тағайындалды
Ұжымның жаңа басшысын Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев таныстырды.
Тамерлан Разбеков Қазақстан-Британ техникалық университетін және Карлтон университетін (магистратура (MA in Economics), Канада) экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын Алматыдағы және Нұр-Сұлтандағы бизнес құрылымдардан бастаған. Осы жылдар ішінде ол экономика және қаржы жөніндегі менеджер, директордың даму жөніндегі орынбасары, түрлі компаниялардағы аймақтық директор лауазымдарын атқарды.
«Басқарма маңызды жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына жауап береді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды позициялардың бірін қамтамасыз етеді. Жұмысты жалғастырып, жаңа биіктерге жету керек. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін », – деді Серік Тұрдалиев.
Өз кезегінде Тамерлан Разбеков Алматы облысының басшылығына сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
Еске салайық, Алматы облысы әкімінің өкімімен бұрын басқарма бастығы қызметін атқарған Руслан Сәдуақасұлы Қожасбаев «Жетісу» ӘКК АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.