Камалжан Надыров Алматыда ауыр науқастардың көбеюіне не себеп болғанын айтты
Алматыда жағдайы өте ауыр науқастардың саны артты. Оның себебін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз ауыр науқастар санының өсуі қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек аурулары сияқты қосымша аурулары бар науқастардың көбеюіне байланысты деген қорытындыға келдік. Сондай-ақ аурудың ауырлығы мен науқастардың жас ерекшелігі арасындағы байланыс анық байқалады. Жай-күйі ауыр және өте ауыр пациенттердің арасында 80%-дан астамы – 60 жастан асқан адамдар (8,8%)», – дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Эпидемия басталғаннан бері қалада жалпы 3429 жағдай тіркелді. 2177 адам сауығып, емдеуден шығарылды. 20 пациент қайтыс болды. Бүгінгі күні қала стационарларында 1388 пациент ем алуда.
Қалада өте ауыр жағдайда – 20, ауыр дәрежеде – 150, орташа жағдайда – 1022 және қанағаттанарлық жағдайда – 194 пациент бар.
«Бүгінгі күні өкпені жасанды желдету аппаратына – 10, өкпенің инвазивті емес жасанды желдетуге – 16 пациент қосылған. Бос аппараттар – 23. Жалпы динамикада сырқаты ауыр және өте ауыр дәрежеде жүріп жатқан пациенттердің көбейгені байқалады», – деді Камалжан Надыров.