Жазасыздық бассыздыққа әкеледі – тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік заңмен күшейтілді
Спикердің айтуынша, жыл сайын полицияға отбасылық-тұрмыстық жанжалдар туралы 100 мыңнан астам өтініш пен хабарлама келіп түседі. Бұл саладағы заңнама біресе қатаңдатылды, біресе жеңілдетілді, бірақ бұл айтарлықтай өзгерістер әкелмеді. Оның үстіне, 2015-2016 жылдары 100 мыңнан астам хабарлама бойынша кінәлілер ешқандай жазаға тартылған жоқ. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері басқа проблемаға тап болды – жәбірленушілер көбінесе агрессорға қаржылық және психологиялық тәуелді бола тұра, шағымданғысы келмейді.
«ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы әрбір хабарламаға ден қою шараларын қолданады, алайда 60% жағдайда жәбірленушілер арызданудан бас тартады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жәбірленушінің өтініші болмаса, отбасындағы жанжалқойды жауапқа тартуға болмайды. Нәтижесінде, жазасыздық бассыздыққа әкеледі, қол жұмсау әдетке айналады, көбінесе мұның салдары ауыр болады», – деді ІІМ комитетінің төрағасының орынбасары.
Биылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 26 мың қорғану нұсқамасы шығарылды. Жанжалқойларға қатысты 17,5 мың әкімшілік хаттама жолданды. Сот шешімі бойынша 4 мыңнан астам адам қамауға алынды.
Алайда, жәбірленушілердің жартысына жуығы сотта агрессорлармен татуласты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталанған жағдайлары жиі кездеседі.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы тапсырма берді. Оған сәйкес, ІІМ осындай құқық бұзушылықтарды тіркеудің арызданудан анықтаушы сипатына көшуді көздейтін заңнамалық өзгерістер әзірледі.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, полиция жанжал болған жерге келгеннен кейін жәбірленушілер арыз жазудан бас тартады. Өткен жылы ғана 70 мыңнан астам осындай факті орын алған. Алайда, полиция кеткеннен кейін жанжалдар қайта басталып, кейде ауыр зардаптарға әкеледі», – деді спикер.
Түзетулер жәбірленушінің өтінішінсіз осы салада әкімшілік іс қозғауға мүмкіндік береді. Енді хаттама толтыру үшін көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларынан немесе полиция қызметкерінің бейнетіркегішінен жазбалар жеткілікті.
Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталады.
2022 жылы тұрмыстық жанжалдар бойынша сотқа 47 мың әкімшілік хаттама жіберілді, оның 20 мыңы татуласуға байланысты тоқтатылған. Енді сотта бір рет қана татуласуға болады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері айқындалды және ұлғайтылды. Заң талаптары күшейтілген түзетулер ҚР ҚК жекелеген баптарына енгізілді.
«Парламент депутаттары түзетулерімізді қолдады, Мемлекет басшысы оларға қол қойды. ҚР ҚК өзгерістері 15 мамырдан бастап, ӘҚБтК 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді», – деп түйіндеді ІІМ Әкімшілік комитетінің басшысының орынбасары.