ҚР ИИДМ: Шағын өнеркәсіптік аймақтарды іске қосу көзделген
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев таяуда Мемлекет басшысының VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында берген тапсырмаларын іске асыруға арналған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство басшысының айтуынша, геология саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында қолданыстағы заңға түзетулер пакетін енгізу жоспарланған. Осы түзетулер қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын тиімді әрі кешенді пайдалануға септігін тигізеді. Айталық, жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу кезеңінен бастап, барлау мен игеру кезеңіне дейін өтуге айрықша құқық беруді, сондай-ақ саланы цифрландыру арқылы лицензияларды ұсыну рәсімін оңтайландыру көзделіп отыр. Бұл амалдар еліміздің минералды-шикізаттық ресурстық базасын толықтыруға байланысты қолға алынған жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етпек.
Индустрияландыру, өндірісті локализациялау және инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты тапсырмаға тоқталсақ, 2029 жылға дейін 800-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 147 мыңға жуық жұмыс орнын ашу межеленген. Бұл ретте өндірісті локализациялауды тереңдету мен қосылған құны жоғары тауарларды шығару негізінен машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салаларындағы жобалар бойынша жүзеге асырылатынын айта кетейік.
«Осы қолға алынған жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында шағын өнеркәсіптік аймақтар іске қосылады. Бұған тиісті қаражат Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қарастырылмақ», деді Марат Кәрімжанұлы.
Игерілетін ресурстардың қосылған құнын арттыруға қатысты міндетке келсек, бұл тапсырма «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң аясында іске асырылатынын айта кеткен орынды. Аталған заңда еліміздегі өңдеушілерді қолжетімді бағадағы отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі нормалар қарастырылған. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеп, дайын өнімнің үлесін ұлғайтуға жол ашатын 20 жобаның пулы қалыптасып отыр. Бұл арқылы 2029 жылға қарай алюминийдің ішкі өңделуін 5 есеге, қорғасынды 4 есеге және мысты 13 есеге көбейту көзделген.
«Көптеген қалада қажетті инфрақұрылымның тапшылығы байқалуда: жолдар, электр желілері, газ құбырлары және тағы да басқалары. Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын», деген еді Парламент мінберінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте ведомство басшысының ақпаратына сәйкес Ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылады.
«Халықтың өмір сүру сапасы арттыру мен инфрақұрылымдық дамудың негізгі проблемаларын шешу мақсатында аталған жоспарда базалық инфрақұрылымның жобалары қамтылады. Ұлттық жоспар тек әлеуметтік-коммуналды салалардағы мәселелерді ғана шешумен шектелмей, сондай-ақ енгізілетін жаңа өнеркәсіптік нысандардың энергия ресурстарына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталады», деді ҚР ИИДМ басшысы.