Басты

Бюджет қаржысы уақтылы игеріліп, жол сапалы салынуы керек – БҚО әкімі

Биыл Батыс Қазақстанда облыстық және аудандық маңызы бар 330-дан астам шақырым жол құрылысына 30 млрд теңге қаралып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев мердігер ұйым басшыларымен және техникалық қадағалау саласы өкілдерімен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс басшысының айтуынша, бұрын өңірге жергілікті жолдарға мұндай көлемдегі қаржы бөлінбеген.

«Біздің мақсатымыз – бюджет қаражатын уақтылы игеріп, жолды сапалы салу. Биыл карантинге байланысты мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұтқандардың 90 пайыздан астамы – жергілікті компаниялар. Сондықтан басқа өңірлерден келіп, жұмыс істеп, кетіп қалатындар жоққа жақын. Сол себепті жол құрылысын ертең ұялмайтындай деңгейде жүргізу қажет. Әуелі жобалық-сметалық құжаттаманы мұқият дайындау керек. Ол үшін мердігерлер жобалаушылармен аптасына бір рет кездесіп, басы артық нәрсені алып тастап, құрылыс жобасын ерте пысықтап алғаны жөн. Сонымен қатар құрылыс компанияларына әкімшілік кедергі жасауға, түрлі айла-шарғымен бопсалауға жол берілмеуі тиіс. Бұл мәселе де қатаң қадағаланады. Ең бастысы, сапа керек», деді Ғ.Есқалиев.

Мердігер ұйымдар тарапынан мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қысым жасайтыны жөнінде шағымдар түсетінін айтқан облыс әкімі сондай-ақ құрылыс материалдарына талдау жүргізетін зертханалардың көбейіп кеткенін, солардың ішінде жақсы мамандары бар үш-төртеуін таңдау қажеттігін жеткізді.

Жиынға қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев жол құрылысы саласында сыбайлас жемқорлық қылмысына жол бермеу қажеттігіне назар аударды.

«Соңғы бес жылда автокөлік жолдарын салу, қайта құру мен күтіп ұстауға республикалық бюджеттен 1,8 трлн қаржы бөлінген. Мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, құрылыс жобалары ойдағыдай жүзеге аспай отыр. Бюджет қаражатын жымқырып, сыбайлас жемқорлыққа барған мамандар әрекеті әшкереленуде. Биыл «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында департамент қызметкерлері «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалымен бірлесіп, жеті мәрте мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік мекемелер мен мердігер компаниялардың жауапсыздығынан кеткен кемшіліктер анықталды. Жолдың сапалы салынуына тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме ғана емес, мердігер компания, техникалық қадағалаушы, сол істің басы-қасында жүрген басшылар мен құрылысшыларға дейін жауапты,» деді Р.Ақмырзаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button