Басты

Үкіметке ұсыныс: коронавируспен күресте партия қандай бастама көтерді

«Ақ жол» партиясы ел үкіметіне үндеу жолдап, карантин шараларын күшейту мақсатында бірқатар өзгертулер ұсынды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстан үкіметінен коронавируспен күресте спорт залдар мен көрме залдарын қайта жабдықтау арқылы тиімді пайдалануды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Еліміздің денсаулық сақтау саласында қалыптасқан мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында, партия өкілдері ел үкіметінің назарына төмендегідей ұсыныстар білдірді:

  • Науқастарды госпитализациялауды қалпына келтіруде азаматтық медициналық мекемелерден басқа әскери бөлімдердің стационарлық және жылжымалы әскери госпиталдерін тартуды;
  • Госпитализацияға орын жетпесе қызметі уақытша тоқтатылған спорт залдар мен көрме залдарын және медициналық нысандар жанындағы басқа да қолайлы ірі объектілерді қайта жарақтандырып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауды;
  • Қатардағы медициналық кадрларды толықтыру үшін медициналық жоғары оқу орындары мен колледж, училище студенттерін, сондай-ақ бастапқы медициналық білімі бар еріктілерді (медициналық курстар немесе университет кафедраларында оқыған) тартуды және оларды қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді;
  • «Симптомсыз аурулармен» жұмыс істеудің тәртібін қайта қарастыруды (өйткені, объективтік және субъективтік себептерге байланысты осы топты вирус таратушы көздері деуге негіз бар);
  • Коронавирусты анықтайтын тест бағасының көтерілуін болдырмауды (аталған нарықта бәсекелестік және қосымша медициналық мекемелердің қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет);
  • Пандемия індетіне қарсы күрес ойдағыдай ұйымдастырылған тәжірибесі бар елдерден практикалық көмек сұрауды;
  • Пандемия індетіне қарсы күресте азаматтардың тәртіп сақтап, өзін-өзі бақылауын күшейту мақсатында түсіндіру жұмыстарын кеңінен қолға алуды ұсынады.

Жағдайдың күрделене түсуіне байланысты «Ақ жол» партиясы үкіметтен бұл ұсыныстарды мүмкіндігінше тезірек қарауды сұрайды.

Айта кетейік, бұған дейін парламенттің төменгі палатасындағы «Ақ жол» фракциясының депутаттары премьер-министрге ұлттық деңгейде карантин енгізу туралы ұсыныспен жүгінген болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button