TechБасты

Цифрлық даму министрлігі телекоммуникацияны дамыту жұмыстары жайлы айтты

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті ашық есік күнін өткізіп, елдегі телекоммуникация саласының даму барысымен және жұмыс жоспарымен таныстырды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Іс-шараға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, вице-министр Асхат Оразбек, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, бизнес және мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.

Жиналған қауымның назарына заманауи телекоммуникациялық құралдар мен байланыс операторларының қызметі жайлы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек министрліктің жұмыс бағыты мен енгізіп жатқан жобалары туралы айтып берді. Операторлардың мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда барлығы 6 406 елді-мекеннің 5 мыңға жуығы ADSL, FTTH, 3G, 4G технологиялары бойынша Интернетке кең жолақты қолжетімділікпен (КЖҚ) қамтамасыз етілген.

Байланыс сапасын арттыру мақсатында операторларға радиожиілік спектр үшін салынатын салыққа 2024 жылға дейін 90 пайыз жеңілдік жасалып, елді-мекендерде КЖҚ жобаларын іске асыру және сапаны көтеру талабы қойылды.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 768 ауылда МКЖҚ сапасын көтеру қарастырылған, қазірдің өзінде 645 ауылдағы сапа жақсартылған, қалған 123 ауылда биылғы жылдың соңына дейін тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Бүгінгі таңда жалпы саны 266,4 тұрғыны бар 1673 елді-мекен  КЖҚ-мен қамтылмаған. Мұндай шағын және шалғай ауылдарға интернетпен беру үшін ҚР ЦДИАӨМ шетелдік спутниктік байланыс жүйесін пайдалану, соның ішінде OneWeb (OneWeb, Ұлыбритания), О3b (SES, Люксембург), Starlink (SpaceX,АҚШ)  мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Биыл Қазақстан нарығына осы жүйелерді енгізу үшін ГЕСО (геостационарлық емес спутниктік орбита) қызметін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте ҚР Салық кодексіне өзгерістер енгізу қажет.

Асхат Оразбектің айтуынша, байланыс сапасын бақылау мақсатында тексеру жұмыстары да қолға алынған.

«2019 жылы байланыс сапасын анықтау бойынша 51 тексеріс жүргізіліп, 10,8 млн теңгеге айыппұл салынды. 2020 жылы 93 тексеріс өткізіліп, 23,9 млн теңгеге айыппұл салынды. Ал 2021 жылы Министрлік жүргізген  562 тексеріс нәтижесінде байланыс операторларына 132 млн теңге көлемінде айыппұл салынды», – деді вице-министр.

Сонымен қатар Асхат Оразбек Қазақстандағы телекоммуникация саласын қарқынды дамыту үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті, соның ішінде  радиожиілік спектрін қайта бөлу үшін заңнамалық база жасалып, байланыс желісін пайдалану ережелерін бекіту және нақты уақыт тәртібінде байланыс сапасын қадағалау жүйесін енгізу керек.

Цифрлық экономиканы дамыту аясында байланыс қызметімен барлық қазақстандықтарды қамтып, телекоммуникациялық қызмет көрсететін операторды таңдау мүмкіндігін ұсыну маңызды.

Біріншіден, автожолдарды жобалаған кезде жол бойымен ТОБЖ (талшықты-оптикалық байланыс желісі) салу мәселесін заң жүзінде бекіту қажет. Ұсынылған нормалар мобильді байланыс сапасын арттыруға және ауылды елді-мекендерді 4G LTE қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді.

Екіншіден, көппәтерлі үйлердің инфрақұрылымы барлық байланыс операторларының бәріне бірдей қолжетімді болуы тиіс. Қажетті түзетулер енгізілген жағдайда қазақстандықтар өздері қалаған операторларды таңдап, нарықтағы монополияға шектеу қойылады.

Үшіншіден, қазіргі таңда радиофобияның салдарынан бірқатар аймақтарда байланыс сапасы нашарлағаны байқалады. Тұрғындардың талабымен операторлар ұялы байланыс базалық стансаларын алып тастауға мәжбүр. ЦДИАӨМ бұл мәселені шешу мақсатында ҚНжЕ-ге (құрылыс нормалары мен ережелері) базалық стансаларды орнату үшін санитарлық нормалар қарастырылған арнайы орындар белгілеу міндетін енгізуді ұсынады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button