ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекке ресми сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Арзыбек Кожошев «Қарасу» және «Ақ-тілек» автожол бекеттері ауданындағы «Алатау» ИСЛК құрылысы орнына капсула салу рәсіміне қатысты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Тараптардың пікірінше, ИСЛК құру екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар екі ел өндірушілері мен кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды жандандырады және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ресми сапар барысында «Алатау» ИСЛК инфрақұрылымына инвестиция тарту бойынша меморандумға қол қойылды.
Айта кетсек, бірлескен ИСЛК құру және оның жұмыс істеу тұжырымдамасы ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қарашадағы Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапарының және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бесіші отырысының қорытындылары бойынша екі ел басшыларының тапсырмасына сәйкес әзірленді.