Президент Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Министрдің айтуынша, өнеркәсіп саласында импорт алмастыруға бағытталған 700 маңызды инвестициялық жоба даярланған. Арнаулы экономикалық аймақтар жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде шешімдер қабылданған. Пайдалы қазбалар кен орындарының бәріне тексеріс жүргізілген. Қазіргі уақытта 118 лицензияның қызметі тоқтатылған. 57 келісімшарт үзілген. Жер қойнауын пайдаланушыларға олқылықтарды жою үшін 73 ескертпе жолданған. Тау-кен және металлургиялық кәсіпорындармен бірлесіп, орта және жоғарғы шектеулі өңдеуші өнімдер өндірісін өркендету үшін кешенді шаралар әзірленген.
Сонымен қатар министрлік еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру және кеден логистикасы саласына ірі халықаралық компанияларды тарту үшін ауқымды жұмыс жүргізді.
Қайырбек Өскенбаев республикалық маңызы бар автожолдарды жаңғырту, жөндеу және салу жұмыстарына да арнайы тоқталды.
Президент еліміздің күре жолдары құрылысына қатысты мәселенің стратегиялық маңызы бар екенін атап өтіп, оның айрықша бақылауда болатынын еске салды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажет екеніне назар аударып, министрге бірқатар нақты тапсырма берді.