Мемлекеттік шекараны кімдер кесіп өте алады
Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі 11 мамырда алынғанмен, елде карантин аяқталған жоқ. Халықаралық әуе, теміржол және автокөлік қатынасы ашылмады
Десе де, шектеулердің біртіндеп алынуына қарай мемлекеттік шекараны кесіп өтушілер тізімі де кеңейіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik.kz
Маусым айының басында шетелде білім алатын қазақстандық студенттерге елден шығуға рұқсат етілді. Ол үшін шетелдік оқу орнының растау құжаттары қажет.
Сонымен қатар, шетелдіктер Қазақстандағы мамандандырылған медицина мекемелерінде емделу үшін елге кіре алады. Олар өзімен бірге медициналық мекеменің растау құжатын алып жүруі тиіс.
Бұдан бөлек, ведомствоаралық комиссия бекіткен тізімге сәйкес, білікті қызметкерлер мен мамандарға баратын еліне ресми рұқсаты болған жағдайда, мемлекеттік органдардың қолдаухатымен Қазақстаннан шығуға рұқсат етілді.
Қазақстан аумағына кіретін шетелдіктерден коронавирус табылмағаны туралы анықтама талап етілмейді. Бұған дейін COVID-19 індетіне қарсы ПЦР-тестен өту міндетті болған.
Сондай-ақ, Қазақстанның азаматтық авиация комитеті 20 маусымнан бастап бірнеше елге кезең-кезеңмен әуе рейстері ашылатынын мәлімдеді. Олар: Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия және Жапония.