Шымкент аумағындағы шағын көшелердің жолдары жөнделуде
Шымкенттегі Қ. Қазиев көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолы түсетін жерде жұмыстар қызу жүріп жатыр.
Бір жеті бұрын құрылысы басталған бұл учаскеде жиек тастары орнатылыпты. Бұл көше арқылы қоғамдық және жүк көліктері көп жүреді, сондықтан жаяу жүргіншілер жолын қарастырылғаны дұрыс болды дейді тұрғындар.
«Тротуар салып жатыр, оқушылар жүретін болды. Лоток болмайды екен. Су төмен көшеге ағады»,- дейді көше тұрғыны Сапария Елеуова.
Орта жөндеу жұмыстары Қ. Қазиев көшесінің Мәделі қожа мен Т. Рысқұлов көшелері аралығындағы жол бөлігінде жүргізілуде. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жобалық — сметалық құжатта ирригациялық жүйелер қарастырылмапты.
Жақсылық Намазбеков, мердігер мекеменің өкілі: «Орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың жоғарғы қабаты алынып, екі қабат асфальт түседі. Жолдың екі бетінде жаяу жүргіншілер жолын салып жатырмыз. Лотоктар болмайды».
Жол құрылысы шаһардың негізгі көшелерінде ғана емес, қаланың іргесіндегі шағынаудандарда да жүргізілуде. Қайтпас-2, қазіргі атауы Ақ жайық шағынауданында биыл 8 шағын көшенің жолы тегістеледі. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 108 млн. теңге бөлінген.