FinanceБасты

«Төлеу мерзімдерінен қателесіп жатады»: Салықтар мен әлеуметтік төлемдерді қашан төлеу керек?

Көп жағдайда кәсіпкерлер оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимімен жұмыс жасап, салықтары мен әлеуметтік төлемдерін төлеу мерзімдерінен қателесіп жатады. Бұл қателіктері өсімпұлдың есептелуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде төлеу мерзімдеріне қатысты түсіндірме берді.

Өздеріңізге белгілі, ҚР Салық кодексінің 688-бабына сәйкес, оңайлатылған декларация  негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер орналасқан жері бойынша салық органдарына оңайлатылған декларацияны (910-нысан) есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей табыс етеді. Негізі, салық кезеңі жартыжыл болып табылады. Осыған сәйкес салық есептілігін ұсынумен қатар есептелген әлеуметтік төлемдерді жарты жылда бір рет төлеу деректері жиі орын алып отыр. Ал бұл өз кезегінде қолданыстағы заңнамалардың нормаларын бұзу болып табылады.

«Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңдарына сәйкес әлеуметтік төлемдер табыс төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей төленеді. Яғни, әлеуметтік төлемдер ай сайын төленуі шарт.

Тиісінше, әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлемегені үшін әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі және банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға әкеліп соғады.

Осыған байланысты, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті есептелген әлеуметтік төлемдерді мерзімінде төлеп отыруды естеріңізге салады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button